Тбилисиде ерекше миниатюралар көрмесі өтіп жатыр

Тбилисидегі миниатюралар көрмесін ертегі мен тарихтың үйлесімі деп сипаттауға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бойы 40 миллиметр сарбаздар мүсіндерінің әлемдегі ең үлкен жиынтығы. Онда түрлі дәуірлер мен мәдениеттер араласқан. Мәселен, шайқасқа дайын Наполеон әскерінің қасында Шыңғысхан мен ертегі кейіпкерлері тұр. Жаяу мен атты әскер, зеңбіректер бар.

Ақсақ Темір қайта Грузияда. Қасында Шыңғысхан мен Салахәд Дин тұр. 4 мыңнан аса шағын мүсіні бар макет «Уақыт порталы» деп аталады. Оның авторы Григорий Робакидзенің айтуынша, бұл әлемдегі осындай ең үлкен жиынтық.

Григорий Робакидзе, галерея жетекшісі:

– Ежелгі дәуір үшін осы акведукты жасадық, онда негізінен сол заманның жауынгерлері тұр. Төменде солтүстіктен бастап негізгі қамалымыз – шато де Пьерфон орналасқан. Сол жерде Орта ғасырлар басталады. Одан Ренессансқа өтеміз, кейін Наполеон дәуірі мен 20-ғасырға дейінгі жаңа заман басталады. 21-ғасырмен жалғасады, өйткені мұнда фантастика да қойылған. 

Мысыр мен Ассирия және парсы сарбаздарының қасында ағылшын садақшылары мен әдеби кейіпкерлер тұр. Мұнда «Тақтар ойыны» мен «Сақиналар әмірі» фильмдері мен Гогольдің «Диканька маңындағы хутордағы кештер» шығармасынан көріністер бар. Бұл мүсіндердің барлығы түрлі елдер – Англия, Франция, Ресей, Украинадан әкелінген. Жергілікті шеберханада жасалған мүснідер де бар. Бұл негізінен Грузия патшалық әулеттері мен билері. Осындай шағын заттарды жасау үшін айрықша технология мен шыдам қажет. 

Григорий Робакидзе, галерея жетекшісі:

– Осыдан еңбекті көп қажет ететін басқа жұмысты әлі көрген жоқпын. Алдымен мен эскиз жасаймын. Сосын оның негізінде суретші кәсіби эскиз әзірлейді. Бұдан кейін ол балауызбен жұмыс істейтін шеберлерге өтіп, балауыз мүсіні жасалады. Одан салқын резеңкеде кесіледі. Келесі кезеңінде зергер жұмысқа кіріседі. Салқын резеңкеден қайта қалып кесіледі. Сол қалыптан гипстен мүсін құйылады. Бұдан кейін гипске метал құйылып, дайын мүсін шығады. 

Орта шамамен осындай бір мүсінді жасауға екі жарым айдай уақыт кетеді. Қазір оларды негізінен қола мен жезден құяды. Бағасы жұмысының күрделілігі, бөлшектерінің саны мен жасауға кеткен уақытына байланысты. 16 доллардан 80 долларға дейін тұрады.

Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...