Израильдегі түрмеден алты палестиндік қашып кетті

Израильде лаңкестер қамалған түрмеден 6 палестиндік қашып кетті. Ең қызығы, олар «Шоушенктен қашу», атты танымал фильміндегідей жерасты жолын қазып, ізін суытқан. Тәртіп сақшылары қашқындарға іздеу салды. Ал құзырлы органдар күзеті мықты абақтыда бұған қалай жол бергенін анықтап жатыр.

Бұл Израиль тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Елдің солтүстігіндегі Гильбоа түрмесінен алты тұтқын қашып кетті. Олардың барлығы ауыр қылмыстары үшін ұзақ мерзімге сотталған Палестина тұрғындары. Арасында Дженин қаласындағы ФАТХ жасақшыларының жетекшісі Захария Зубейди де бар. Ол лаңкестік әрекеттер ұйымдастырғаны үшін тергеуге алынған болатын. Қылмысы дәлелденсе, оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұрған еді. 

Алғашқы мәлімет бойынша тұтқындар бір айдан аса жер асты жолын қазып, сыртқа шыққан. Қашқындар Дженин қаласына жеткен болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені таңертеңнен бастап қалада атыс дауысы естілген. Бұл олардың құрметіне атылған отшашу болуы ықтимал. Қашқындарға іздеу салған полиция әуеге тікұшақтар мен пилотсыз ұшақтарды көтерді. 

Шимон Бен Шву, іздестіру операциясының жетекшісі:

- Түрме сыртында тунельдің шығаберісі мен тұтқындар тастап кеткен киімді таптық. Оларға тыстан біреу көмектескен сыңайлы. Қазір қашқындарды жүздеген полицей мен әскерилер іздестіріп жатыр. Бірақ біз олар Дженин қаласына жетті деп санаймыз. Бұл қарулы күштеріміздің жауапкершілігіндегі аймақ болғандықтан әскерилер іздеуге кіріседі.

Дегенмен, бұл әлі де жорамал. Сондықтан Израильдің солтүстігінде дабыл қағылып, түрмеге жақын елді мекендердің тұрғындарына үйінен шықпауға бұйырылды. Күзет күшейтіліп, көшелерде полиция кезекшілік етуде. Ал оқиға бойынша тергеу басталып кетті. Елдегі күзеті ең мықты түрмеде туннель қазу қалай мүмкін болғаны және оны қалай ешкімнің байқамай қалғаны анықталуда. Гильбоа түрмесінде барлық камераларда тінту жүріп жатыр, бүкіл тұтқындарды өзге абақтыларға ауыстырды. Ал әскер Батыс жағалаудағы ең қауіпті қала саналатын Дженинді түгел тексеруге дайындалып жатыр.

Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...