АҚШ-та 17 адамды өлтірген Николас Круз кінәсін толық мойындады

Осыдан 3 жыл бұрын Флорида мектептерінің бірінде жағалай оқ атып, 17 адамның өмірін қиған қандықол Николас Круз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол мерт болған оқушылар мен ұстаздардың жақындарынан кешірім сұрап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Бірақ айыптаушылар Круз өз кінәсін мойындау арқылы жанашырлық туғызып, өлім жазасынан құтылуды көздеп отыр дейді. Өйткені қаңтарда өтетін сотта алқа оны өлім жазасына кесу немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдауға тиіс.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы Паркленд қаласында болған бұл оқиға кезінде оққа ұшқандардың басым бөлігі – 14 жастағы оқушылар.

Николас Круз, айыпталушы:

– Мен жасаған қылмысым үшін қатты өкінемін және өмірімнің қалған бөлігін сол өкінішпен өткізуге тура келеді. Болған оқиғаны есіме түсірсем, кейде тіпті ұйықтай да алмаймын. Маған сенбейтіндеріңізді білемін, бірақ ақиқаты сол. Мен есірткіні жек көремін, өйткені ол әртүрлі әрекеттерге итермелейді. Куәгерлерден құралатын сот алқасының шешімі әділ болады деп үміттенемін.

Дебра Хиксон, қайтыс болған азаматтың жұбайы:

– Оны аяуға болмайды. Себебі ол басқаларды аяған жоқ. Біреуіне 12, екіншісіне 8 рет, тағы біреуіне 3 рет оқ атқан. Демек оларға ешқандай аяушылық көрсеткен жоқ. Ол 17 адамның өмірін қиды. Және олардың отбасына өшпес қайғы-қасірет әкелді. Қазір ол жай ғана ұпай жинап отыр.