Грузия үкіметі Саакашвилиге ешқандай жеңілдік жасалмайтынын ескертті

Батумиде «Ұлттық қозғалыс» оппозициялық партиясы ауқымды шеру өткізді. Елде 30 қазанда Тбилисимен бірге 20 қаланың мэрі мен аудан басшыларын сайлау өтеді. Басты тартыс «Грузия арманы» партиясы мен оппозициялық «Біріккен ұлттық қозғалыс» арасында өрбиін деп тұр. Оппозиция өкілдері қандай талап қойып жатыр?

Батумиде «бірлік пен бостандық үшін» деп ұрандатқан шеруге мыңдаған адам қатысты. Жұрт «Мишаға бостандық», «Еркіндік пен өзгеріс үшін жұмылайық» деген жазуы бар парақшалар көтеріп шықты. Бүкіл оппозициялық күш билеуші партияға қарсы бірікті. 

Нино Бурджанадзе, «Біртұтас грузия» партиясының көшбасшысы

– Қазір бәріміз бірігіп жұмылып жатырмыз. Ескі ұрыс-керісті ұмытып, күш біріктіретін кез келді. Барлық өкпені ұмыту қажет. Мына жерде кішкентай балаларды көріп тұрмын. Келешекте олардың көздеріне ұялмай қарайтын болайық.

Шеруге қатысушылар екі ұранмен шықты. Бірі – алдағы қала мен аудан мэрлерін сайлауда оппозиционерлерге қолдау білдіру. Екіншісі – Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвилиді босатуды талап ету. Бірақ билеуші партия бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, қатаң жауап қатты.

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:

– Біздің партияның үміткерлері ел астанасынан бастап барлық қалада жеңіске жететініне сенімдімін. Бүлдіруші күштерге айтарым: олардың тәртіпсіздік жасауға мүмкіндігі болмайды. Біз билікте болғанда ешқандай төңкеріске жол берілмейді. Олардың басты өкілі түрмеде отыр. Ол жазасын өтей береді. Біздің басты міндетіміз – еліміздің келешегі үшін сайлауды ашық әрі әділетті өткізу.

Ал ұлтшылар көшбасшысы Михаил Саакашвили түрмеде аштық жариялап отыр. Оның халін дәрігерлер кеңесі бақылайды. Үкімет оған ешқандай жеңілдік жасалмайтынын ескертті.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина