Суданда билікті басып алған әскерилерге қарсы наразылық жалғасуда

Шерушілер азаматтық үкіметті қайта қалпына келтіруді талап етуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал төңкеріс жасаушылардың басшысы Абдель Фаттах әл-Бурхан апта соңына дейін жаңа үкімет құралытанын мәлімдеді.

Суданда мемлекеттік төңкеріс жасап, үкіметті таратқан әскерилерге қарсы наразылық жалғасуда. Ел астанасы Хартумда шерушілер бөгеттер тұрғызып, халықты жаппай ереуілге шығуға шақырып жатыр. Олар әскерилер үкімет басшысы Абдалла Хамдукты босатып, елде азаматтық билікті қайта қалпына келтірмейінше, хунтаға қарсылық танытуын жалғастыра береміз дейді. Қазанның 30-ында ауқымды жалпыұлттық шеру ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ханифа Халед, шеруші:

- Қазір елдегі жағдай мүлдем түсініксіз. Қала көшелеріндегі қарсылық бұл азаматтық бағынбаушылық. Біз басшылықтан мемлекетте не болып жатқанын түсіндіруін сұраймыз. Елде азаматтық билік қайта орнатылуы тиіс.

Ал Хунта басшысы Абдель Фаттах әл-Бурхан жақын күндері елде жаңа үкімет пен заң кеңесі құрылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскерилер төңкеріске амалсыз барған. Себебі 2 жыл бұрын президент Омар әл-Башир биліктен құлатылған соң құрылған Тәуелсіз кеңес пен уақытша үкімет арасында тартыс күшейген. Азаматтық үкімет әскерилер билігіндегі Тәуелсіз кеңеске халықты қарсы қоя бастады дейді. Ал премьер-министр Хамдукты қамауға алуын былай деп түсіндірді.

Абдель Фаттах Әл-Бурхан, Судан қарулы күштерінң қолбасшысы:

- Біз премьер-министрді одан қорыққандықтан емес оның өзі мен отбасын қорғау үшін қамауға алдық. Бірер күнде ол үйіне оралады.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Судандағы мемлекеттік төңкерісті сынға алып, Қауіпсіздік кеңесін мұндай әскери төңкерістермен тиімді күресуге шақырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Мен Судандағы билікті күшпен басып алуға үзілді кесілді қарсымын. Барлық тараптарды ұстамдылық танытуға шақырамын. Әскерилер премьер-министр мен басқа да қамауға алған тұлғаларды дереу босатуы тиіс.

Еуропа Одағы және Араб лигасы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Судандағы билікті қалпына келтуріге шақырып отыр. АҚШ экономикалық көмекті тоқтататынын мәлімдеді. Алайда әскерилер алған бетінен қайтатын емес. Хунта елдегі билікті азаматтық үкіметке тек 2023 жылы сайлаудан кейін ғана береміз деп отыр.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...