Чехияда кәсіпкерлер шектеулерге қарсы шеруге шықты

Чехияда мейрамхана иелері жаңа шектеулерге наразы.

Үкімет жарлығы бойынша енді кафе немесе барға тек COVID-сертификатпен кіруге болады. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелер қоғамдық тамақтану орындарына бірқатар қиындық келтіретініне келіседі. Бірақ індет өршіген жағдайда басқа амал жоқ дейді. Чехияның ірі қалаларында халық көшеге шықты.

Жаңа ережелер бойынша мейрамханалар мен дәмханаларға бару үшін ковид-сертификат немесе мерзімі үш күннен аспаған ПТР-тесттің теріс нәтижесі керек. Құжат қарашаның бірінде күшіне енеді. Ал ереже бұзылса жауапкершілікке дәмхана иесі тартылады. Оларға айыппұл салынады, тіпті кәсіп жүргізуге берілген рұқсат қағазынан айыруы мүмкін. Сол себептен наразылық шерулерге табыт әкелген мейрамхана иелері осылайша болашаққа сенім өлді дегенді білдірді. Дүйсенбіден бастап бүкіл ел аумағында осындай шаралар өтіп жатыр. Ең көп халық Прага мен Брно қалаларында жиналды. 

Младек Вондрачков, мейрамхана иесі:

– Үкімет тест нәтижесінің мерзімін қысқартты. Енді ПТР-анықтамасы үш күнге, ал антиген сараптамасы бір күнге жарайды. Адамдардың көбі артық шығынға барғысы келмейді. Енді олар мейрамханалар мен дәмханаларға бармайды. Жаңа ережелер басқа дәлдеп атылған оқтай тиді. Бірақ үкімет бұл жолы тапанша шүріппесін өзі емес, өзгенің қолымен басты.

Феликс Кратоквил, мейрамханалар жүйесінің бас аспазы:

– Тек Брно қаласында соңғы шектеулердің кесірінен мейрамхана мен дәмханалардың жартысынан көбі жабылды. Ал Прагада шамамен 40 проценті жұмысын тоқтатты. Жаңа деммен қайта тыныс ала бастаған мекемелерге қайтадан соққы жасалды. Мемлекет саясатын түсінеміз, бірақ неліктен бізге құлақ аспайды. Билік кезекті рет «жағдайларың ауыр екенін білеміз, бірақ оны өз күштеріңмен еңсеріңдер» деп отыр. 

Халықтың наразылық танытатынын алдын ала білген, Үкімет, алдыңғы шектеулердегі қателерін қайталамауға бекінген. Сол себепті, наразылық шараларын өткізу заңсыз деп жариялануы мүмкін. Парламент санитарлық шараларды қадағалау бойынша полиция құзіретін арттырмақ. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары кез-келген ереже бұзушылық үшін ірі мөлшерде айыппұл сала алады. Қазір депутаттар оның мөлшерін талқылап жатыр. Бұл заң келесі айдың басында қабылдануы мүмкін. 

Даниэль Шкалупка, Чехия парламенті депутаттар палатасының мүшесі:

– Бұл заң жобасы осыдан жарты жыл бұрын парламентте талқыланған болатын. Сонда  айыппұл мөлшері жоғары болғандықтан қабылданған жоқ. 140 мың доллар тым қатаң жаза деп санадық. Қазір мөлшері төмендетіледі, бірақ қалтаға сезілуі керек. Заңды тұлғалар үшін  40-60 мың доллар болады. Депутаттар бизнесті тұншықтыруды я халықтың әлеуметтік тұрмысын нашарлатқысы келмейді. Алайда тек батыл қимылмен пандемияны тоқтатуға болады.

Соңғы аптада Чехияда қатарынан бірнеше антирекорд тіркелді. Күн сайын 3 мыңдай науқас анықталады. Соңғы рет мұндай көрсеткіш наурыз айында болған. Қыркүйек айында 40 науқас көз жұмса, соңғы бір аптада ковидтен 61 адам қайтқан. 

Авторлары: Алексей Лаптенок, Павел Невид