Қолайсыз ауа райынан 16 адам ажал құшты

Әлемнің бірқатар елінде толассыз жауған жаңбыр алапат тасқынға ұласты. Тіпті, Шри-Ланка мен Үндістанда қолайсыз ауа райы адам өліміне алып келді. Тасқын Австралия халқын да әбігерге салды. Ал Қытай тұрғындарын қарлы боран қыспаққа алды.

Шри-Ланканың солтүстік-батысын су басып жатыр. Бірнеше күн толассыз құйған жаңбырдан кейін өзендер арнасынан тасыды. Кейбір жерлерде лай көшкіні жүріп, найзағай түскен. Табиғи апаттардан 16 адам ажал құшты. Тағы бір кісі із-түссіз жоғалып кеткен. Билік үйін су шайып кеткен 5 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Олар уақытша орындарда тұрып жатыр. Метеорологтар алдағы күндері жаңбыр басылуы мүмкін деген болжам айтады.

Атула Карунанайаке, метеорология департаментінің директоры:

– Ақ жауын 1 аптадан астам уақыт бойы тоқтамай құйды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, жел де қатты соғып, жай түсті. Тұрғындарды сақ болуға шақырамын.

7 МЛН ТҰРҒЫНЫ БАР ҚАЛАНЫ СУ БАСТЫ

Үндістанның оңтүстік аймағы да тасқыннан зардап шегіп жатыр. Табиғи апат салдарынан 5 адам көз жұмған. Биліктің мәлімдеуінше, құрбандардың кейбірі найзағайдан және опырылып түскен ғимараттың астында қалып, қайтыс болған. Аймақта саман кірпішпен салынған 500-ден астам үй жауынға шыдас бермей, толығымен қирап қалған. 7 миллион адам тұратын Ченнай қаласында үкімет алдағы 3 күн бойы нөсер құятынын ескертіп, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды.

Нагендар, ченнай тұрғыны:

– Нөсер күн-түн демей толассыз жауды. Қалада су басып қалған жолдармен жүру мүлде мүмкін емес. Көшеде емес, өзенде жүрген сияқтымыз. Мұндай тасқынды өз басым бұрын-соңды көрген емеспін.

АВСТРАЛИЯДА РЕКОРДТЫ КӨЛЕМДЕ ЖАУЫН-ШАШЫН ТҮСТІ

Австралияның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында рекордты көлемде жауын-шашын түсті. Жолдар мен көшелерді су басып, көліктерді ағызып әкеткен. Жүргізушілер мен жолаушылар әрең аман қалған. Абырой болғанда, мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Бірақ мамандар келесі аптада жаңбыр басылмайды деп ескертті.

БОРАН ҚЫТАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫ ӘБІГЕРГЕ САЛДЫ

Қытайдың солтүстік-шығыс провинцияларында қалың қар жауып, қыс түсті. Бораннан 1 адам қайтыс болған. Кей аудандарда электр және жылу жүйесін істен шығарды. 840 мыңнан астам ғимарат жарықсыз қалған. Көшеде көліктер жүре алмай, жүріс-тұрыс қиындады. Қолайсыз ауа райына байланысты бидай, сұйық май, ет, жұмыртқа, көкөніс және сүт өнімдерін жеткізу ісінде кедергі туындауы мүмкін. Соған орай жергілікті әкімшіліктер қор жинау қамына кіріскен. ШэньЯн қаласында халықаралық әуежай мен мектептер жабылды.

ВЕНЕЦИЯНЫ СУ БАСТЫ

Италияда онсыз да су ішінде тұрған Венецияда тасқын жүрді. Туристер үшін түрлі іс-шаралар жасап үйренген жергілікті тұрғындар бұл жолы да көпішіліктің көңілін аулауға тырысты. Олар көшеге түрлі түсті етік киіп шығып, су кешіп жүр. Бұл көрініс соңғы күндері Венецияда қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Түрлі-түсті етік кигісі келмейтіндер үшін билік арнайы жол тұрғызып жатыр. Мамандар Венециядағы тасқынға ғаламдық жылыну салдарынан теңіз деңгейінің көтерілуі басты себеп дейді.