Ресейде коронавирус жұқтыру көрсеткіші күрт өсті

Ресейде ковид жұқтыру көрсеткіші соңғы төрт күнде күрт өсіп, 40 мың адам індет ілмегіне ілінді, хабарлайды «Хабар 24».

Антирекорд елдің бірнеше өңірінде тіркелді. Олардың қатарында Самара, Омск, Челябі облыстары бар. Көш басында Мәскеу мен Санкт-Петербург қалалары тұр. Эпидахуалдың ушығуына қарамастан алаяқтар жалған вакциналау құжатының саудасын қыздырған. Мәлім болғандай, жаздан бері жалған сертификатты сату 20 есеге өскен. Осы аралықта Ресейдің ішкі істер министрлігі 500-ден астам қылмыстық іс қозғап үлгерді. Бұл мәселені шешу үшін Гамалеи атындағы орталық адамдардың екпе алған-алмағанын анықтайтын тест әзірлемекші. Алайда дәрігерлер бұл ойды құптай қоймады. Джордж Мейсон университеті Жүйелі биология мектебінің профессоры Анча Баранованың пікірінше, вакцина алған күннің өзінде иммунитеті төмен жандарда антиденелер қажет мөлшерде түзілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда тест жалған нәтиже көрсетеді.

Анча Баранова, Джордж Мейсон университеті Жүйелі биология мектебінің профессоры:

– Мәселен, артритпен ауыратын адамдарда осындай жағдай байқалуы мүмкін. Әсіресе, бұл ауру екі қарияның бірінде кездеседі. Спутник вакцинасын салдырса да, бұл санаттағы адамдардың бойында вирусқа қарсы антиденелер аз түзіледі. Міне, осы кезде вакциналау құжаты бар жандардың бойында антиденелер аз болғандықтан олар екпе алмаған сияқты болады. Сонда олар автоматты түрде алаяқ атанғаны әділ емес деп ойлаймын. Тестті жасағаны жөн, әрине, бірақ оны құқықтық салада қолдану дұрыс емес.