Украинада вакцинаның екі дозасын алғандарға ақша төленеді

Украина президенті де вакцинаның қос дозасын алған әрбір азаматқа мың гривень төленетінін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл елде COVID-ке қарсы екпе алмаған қызметкерді жұмыстан босатуға құқығы бар мемлекеттік мекемелердің саны артты. Украина кабинет министрлігінің Жарлығы бойынша әлеуметтік оңалту орталықтары, білім беру орындары, пошта, теміржол саласынының жұмысшылары міндетті түрде вакцина алуы тиіс. Өйтпеген күнде мемлекеттік мекеме басшысы немесе кәсіпорын жетекшісі қарамағындағы қызметкерін жұмыстан заң бойынша жалақысыз шеттете алады.

COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын бүгінде Украинаның он млн тұрғыны алып үлгірген. Ал вакцина салдырмаған азаматтарды жұмыстан шеттетуге қатысты шешімге саяси сарапшылардың айтары бар. Олардың айтуынша, үкіметтің бұл қадамы кейбір талаптарға қарама-қайшы көрінеді.

Андрей Бодров, политтехнолог, сараптама және талдау орталығының басшысы:

- Үкіметтің мұндай жарлығы үшін мемлекеттің өзімен соттасатын адамдар саны артады деп ойлаймын. Өйткені Ата Заңның өзінде адам құқығы нақты жазылған. «Екпе алмаған» дегенді пайдаланып, адамды жалақысыз жұмыстан босатуға болмайды. Мұны мен өрескел заң бұзушылық деп түсінемін.

Денсаулық сақтау министрлігі ковид вирусын жұқтырып, жедел түрде емханаға жеткізілгендердің 90 процентке жуығында вакцина болмаған, деп дабыл қағып жатыр. Бұл ретте халықты ынталандыру үшін Ел Президенті Владимир Зеленский Үкіметтен екпенің екі дозасын алған әр азаматқа 1000 гривень, яғни 16 мың 153 теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл мақсатқа жыл аяғына дейін қазынадан 110 млн доллар бөлінеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Екпенің екі дозасын алған әрбір тұрғын мемлекеттен бөлінетін мың гривеньді алуға тапсырысты телефон қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Бұл ақшаға спорт зал немесе фитнес-клубқа жазылу, кинотеатр, мұражай, концерт немесе көрме орталығына бару, ішкі әуе және теміржол көлігімен ел ішінде саяхаттауға билеттерді сатып алуға болады. Бағдарлама 19 желтоқсанда басталады. Оған жыл соңына дейін және келесі жылы да үш миллиард гривеньге жуық қаржы бөлуді қарастырдық.

БЛИЦЫ:

- Шынын айтқанда, Зеленскийдің мың гривеніне аса мұқтаж емеспін. Өйткені ақшаны алуға тапсырыс бергенде салық органында қаржылық жағдайыңды көрсетуің керек, бұл маған ұнамайды.

- Мемлекет адамдарды вакцина алуға шақырудың оңтайлы тәсілін ойлап тауыпты. Өте ыңғайлы. Қуана қолдаймын.

- Екпені алу немесе алмауды әр адам өзі шешеді. Ол үшін қазынадан қаржы бөлгенді дұрыс шешім деп ойламаймын.

Украинада жалған ковид құжатын жасағандарға да жаза күшейді. Заң бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық вакциналаудың құжатын қолдан жасаған және оны пайдаланған адамға 549 мың теңге көлемінде айыппұл салу немесе екі жылға бас бостандығынан айыру көзделген. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко