Қытайдың солтүстік-батысында локдаун тәртібі күшейді

Қытайдың солтүстік-батысындағы Сиань қаласында әлі күнге дейін толық локдаун тәртібі күшінде. 13 миллион тұрғыны бар шаһарда күніне 150-дей науқас тіркеліп жүр. Бұл пандемия басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Толығымен жабылған қалада санитарлық шаралар күшейтіліп жатыр.

Толық локдаун енгізілетіні жарияланғанан кейін қала тұрғындары дүкендерге ұмтылды. Өйткені локдаун кезінде әр отбасынан тек екі күнде бір адам азық-түлік сатып алуға шыға алады. Сондай-ақ шаһарда жаппай тестілеудің жаңа кезеңі басталып, теріс нәтиже алмайынша үйден шығуға тыйым салынды. 

Чжан Боли, медицина салысының сарапшысы, Қытай инженерлік академиясының мүшесі:

– Індеттің өршуін тез уақытта ауыздықтау үшін Сиань қаласында қатаң шаралар қабылдадық. ПТР-тестілеуді белсенді өткізіп, науқастарды бақылауға алып жүрміз. 20 қаңтарға дейін вирустың таралуын тоқтатамыз деп ойлаймын. 

Омикрон штамының әлемде таралуына байланысты, эпидемиологтар санитарлық шараларды жеңілдетуге болмайды дейді. Қытайда вирустың бұл түрін жұқтырған 9 адам анықталды. Келер жылда елде өтетін Қысқы Олимпиада да алаңдаушылық туғызып отыр. Жақын арада жарысқа қатысушылар елге келе бастайды. Олардың барлығы жабық аймақта тұрып, жергілікті тұрғындармен араласпайды. Оларды күн сайын тестілеп, денсаулығын мұқият бақылайды.

Хань Цзыжун, Бейжің Қысқы олимпиада ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары:

– Медициналық себеппен екпеден босатылған кейбір спортшылар мен ресми тұлғалардан өзге Қысқы Олимпиада мен Паралимпиадағы қатысушылардың түгелі Қытайға келер бұрын 14 тәуліктен кідіртпей толық вакциналануы тиіс. Осылай карантинде оқшауланудан босатылады. Омикрон штамының тарауынан туындаған күрделі эпидахуалға байланысты оларға үшінші екпе салдыруға нұсқау бердік.

Кейбір вирусологтар қолға алынған қатал шараларға қарамастан Қытайда індет қайта өршуі мүмкін дейді. Ел тұрғындары халық көп жиналатын орындарға барудан аулақ. Оған қоса барлық мекемеге тек денсаулық кодын тіркеп, кіруге болады. 

Ботагөз Сырғабаева