Адамды алмастырған ақылды роботтар

Бүгінде роботтар түрлі салада қолданысқа енген, деп хабарлайды Хабар 24.

Тіпті адам істейтін қызметті атқарып жүр. Мәселен, қоқыс өңдейтін зауыттардағы ауыр әрі қауіпті жұмысты орындауға тартылған. Роботтар АҚШ-тағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге де көмектеседі. Ал Олимпиада ойындарын қабылдауға дайындалып жатқан Қытайда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, спортшыларды жаттықтыру үшін қолданылады.  

Қытайда қысқы олимпиада ойындарына қызу дайындық жүріп жатыр. Пандемия кезінде дүбірлі доданы өткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне қазір көп елде омикрон өршіп тұр. Сондықтан ұйымдастырушылар санитарлық қауіпсіздік мәселесіне ден қойып отыр. Мәселен, Бейжіңдегі шараға санитайзер роботтар тартылады. Олар спорттық нысандардағы еденді жуып, атлеттер мен жаттықтырушылардың қолына зарарасыздандырғыш заттар шашады. Маскасыз жүрген адамдарды анықтап, оларға бетперде тағуды ескертеді. Делегаттардың заттарын тасымалдауға да көмектеседі. Осылайша билік адамдар арасыдағы қарым-қатынасты азайтуға ниетті. Бұдан бөлек осы Қытайда роботтар спортшыларды дайындауға да жұмылдырылған. Олар керлингтен өнер көрсететін атлеттерді жаттықтырады. Жасанды сана ойыншылардың тактикасын талдауға көмектеседі.  

Лю Пэн, Харбиндегі технологиялық институт қызметкері:

- Роботтар камералармен жабдықталған. Олар мұз алаңындағы жағдай мен ойын барысын зерттейді. Сөйтіп алынған ақпаратты модельдеу жүйесіне енгізіп, деректер өңделеді. Кейіннен алынған мәлімет ойын тактикасын жетілдіру үшін қажет болуы мүмкін.

Қоқыс өңдейтін роботтар

Финляндияда талап бойынша құрылыс қалдықтарының 70 проценті қайта өңделуі тиіс. Пластикті, ағашты, металл мен басқа да материалдарды іріктеп шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне уақытты да көп алады. Кейде тіпті қауіпті болуы мүмкін. Бұл ретте роботтардың көп көмегі тиіп жүр. Елде Еуропада қоқыс өңдейтін ірі зауыттардың бірі орналасқан. Мұнда 12 робот бар. Олар камера, датчик және металл іздегішпен жабдықталған. Қоқыстың 350 түрін ажырата алады. Осындай көмекшіледің арқасында зауыт жылына 120 мың тонна қоқысты қайта өңдей алады.  

Йохан Мильд, қоқыс өңдейтін компанияның басшысы:

- Бізге сауда орталықтарынан, өндіріс және құрылыс алаңдарынан түрлі қоқыс келіп түседі. Әрине, қалдықтарды өртеп жіберуге болады. Алайда мұның қоршаған ортаға зияны зор болуы мүмкін. Сондықтан біз қайта өңдеу жағына көп көңіл бөліп отырмыз.

Мейрамханадағы көмекші роботтар

Ал АҚШ-та роботтар  кадр тапшылығын шешуге көмектесіп жүр. Пандемияға байланысты мұнда шетелдік жұмысшылардың келуі қиындаған. Салдарынан қоғамдық тамақтану саласында қызметкер жетіспей жатыр. 5 мейрамхананың төртеуі осындай проблемаға тап болған. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер роботтарды кеңінен пайдалана бастаған. Мәселен, олар мейрамхананың ас бөлмесіндегі жұмыстары орындайды, залда отырған келушілерге тамақ тасиды, сонымен қоса тапсырыстарды үйге жеткізеді.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева