Бейбітшілік орнату жолында барымызды саламыз – А.Гуттериш

Әу баста Украинаға қолдау білдіретін болған НАТО, АҚШ пен Еуропа қазір қайда? Бұл сұрақ сарапшылардың да, қарапайым жұрттың да көкейінде болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қақтығыс өрши бастағаннан БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл жиын өткізді. Әлем нақты бір шешім күткен-ді. Сонымен қатар Ақ үй басшысы Джо Байденнің жаңа мәлімдемелері де Украинадағы шиеленісті шешуге үлес қосады деген үміт болды.  

Талғат Алманов, тілші:

– Бүгін АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға қосымша 350 млн доллар көлеміндегі көмек берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар осыдан бірнеше сағат бұрын Ресейлік банктерді әлемнің 200-ден астам мемлекетінде орналасқан 11 мың қаржы ұйымдарымен байланыстыратын SWIFT жүйесінен шығарылатыны белгілі болды. Бұл АҚШ пен Еуроодақ елдерінің ортақ шешімі, деді Ақ үйдің ресми өкілі. Демек алдағы уақытта Ресейді қаржылық-экономикалық қыспаққа алу одан бетер күшейеді – дейді мамандар.

Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Нью-Йорктегі кезекті сессиясы анау айтқандай нәтижелі болды деуге болмайды дейді сарапшылар. Себебі Ресей әскерлерінің Украина жерінен шығарылуы туралы мәселе дауысқа салынды. Бірақ қарар қабылданбады. Себебі кеңестің тұрақты мүшесі ретінде Ресей вето қою құқығын пайдаланды. Ұйымның Бас хатшысы БҰҰ-ның негізгі мақсатын кезекті рет еске салды.

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Біріккен Ұлттар Ұйымы о баста соғыстан тыс және соғыстың алдын алу үшін, оны тоқтату үшін құрылған еді. Алайда бүгін бұл мақсатымызға жете алған жоқпыз. Бірақ біз қол қусырып отырмаймыз. Бейбітшілік орнату жолында барымызды саламыз. 

Ал АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Линда Томас Гринфилд бұл мәселенің келесі аптада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында көтерілетінін мәлімдеді. Яғни ол кезде Ресейдің вето қою күші жойылады деген сөз, себебі Бас Ассамблеядағы қарар 193 мемлекеттің дауыс беруі және дауыстардың басым бөлігімен қабылданады. Естеріңізге салайық, Ресейді есептемегенде, соғысты тоқтату туралы резолюцияны Қауіпсіздік кеңестегі 11 мемлекет қолдап, Қытай, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері ғана қалыс қалды.

Айта кетейік, осы аптада Ақ үй Ресей мен ел Президенті Владимир Путинге, СІМ-не және өзге де бірқатар ресейлік  жоғары лауазымды тұлғаларға қарсы жаңа санкциялар жариялап, Германия жеріне мыңдаған америкалық әскердің жөнелтілетінін мәлімдеді.  

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Санкциялардың толықтай әсер етуі үшін белгілі бір уақыт қажет және Владимир Путин мұның арты не болатынын өте жақсы біліп отыр. Ресей Президенті батыс елдерінің қаншалықты бірге екендігін көргісі келді емес пе? Ендеше біз, НАТО елдері жұдырықтай жұмылдық және бұрын-соңды болмаған ауызбіршілік қалыптастырдық. Себебі Ресейдің Украинаға жасаған шабуылы тұтас Еуропа үшін қауіпті болып отыр.

Джо Байден жариялаған қатаң шаралардың алғашқысы Ресейдегі жалпы активтерінің құны 1 триллион долларды құрайтын 4 ірі банкке салынды және Ресейге экспортталатын хайтек өнімдері мен аэроғарыш (aerospace) саласы да қатаң бақылауға алынды. Байденнің айтуынша, санкциялардың Ресей экономикасына қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді әсері болары сөзсіз.

Авторы: Талғат Алманов