Украина – Ресей бейбіт келіссөздерінің екінші раунды аяқталды

Беларусьтың Беловеж орманында Украина мен Ресей бейбіт келіссөздерінің екінші раунды өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз құруға және ұрыс жүріп жатқан аудандарға дәрі-дәрмек жеткізуге келісті. Адамдарды қауіпсіз жерге көшіру кезінде шара жүзеге асарылатын жерлерде атысты тоқтату қарастырылуы мүмкін. Осы мақсатта жуық арада арнайы байланыс арналары ашылып, тиісті логистикалық жұмыстар жүргізілмек. Тараптар таяу арада бейбіт келіссөздердің үшінші кезеңін өткізуге келісті. Онда уақытша бітім қарастырылуы мүмкін.

Владимир Мединский, Ресей делегациясының басшысы:

– Тараптардың ұстанымдары нақты әрі анық. Кей мәселелер бойынша ортақ шешімге келдік. Бүгінгі келіссөзде қарастырылған басты мәселе – ұрыс жүріп жатқан жерлердегі бейбіт тұрғындарды құтқару. Тараптар осындай аудандардан халықты эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз құруға келісті. Бұл жерлерде атыс уақытша тоқтатылуы мүмкін.  Менің ойымша, бұл үлкен жетістік.

Михаил Подоляк, Украина делегациясының басшысы:

– Қазір ғана бейбіт келіссөздердің екінші раунды аяқталды. Өкінішке қарай, біз кей мәселелер бойынша қалаған нәтижемізге қол жеткізе алмадық. Бастысы гуманитарлық мәселелерді жан-жақты талқыладық. Себебі қазір көп қала қоршауда. Ол жерлерде азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспей, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау өте қиын. Жалпы келіссөз барысында неге қол жеткізгеніміз жайлы ресми коммюникені қазір жариялаймын. Бебйіт келіссөздердің үшінші кезеңін жуық арада өткіземіз.