Краматорск вокзалында 52 адам қаза тапты – Украина

Краматорск қаласының теміржол вокзалына атылған зымыран 52 адамды қырып салды. Оның 38-і сол жерде, қалғаны ауруханада жан тапсырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрбандар арасында 5 бала бар. Тағы жүзден астам тұрғын жарақат алған. Краматорск - Украинадағы Донецк облысының орталығы. Қазір бұл оқиғаға байланысты Украина мен Ресей бірін-бірі айыптап жатыр. Әр тараптың өз дәлел-дәйегі бар. Сондай-ақ Киев пен Бучаға Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель арнайы келіп, маңызды мәлімдемелер жасады.

Бұл Краматорскідегі теміржол вокзалының қазіргі көрінісі. Қала мэрі шабуыл кезінде сапаржайда 4 мыңға жуық бейбіт тұрғын болғанын айтты. Соққы кеңестік кезде өндірілген «Точка-У» баллистикалық зымыранымен жасалған. Владимир Зеленский Ресейді айыптады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Ресей әскері Краматорскідегі теміржол вокзалына зымыранмен шабуыл жасады. Бұл олардың тарапынан жасалған жаңа соғыс қылмысы. Кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуы тиіс. Ресейлік пропагандистер бұл соққы үшін жауапкершілікті Украина күштеріне аударуға асыққандары сонша, олар Ресейдің кінәсін дәлелдегенін байқамай қалды. «Риа Новости» агенттігі бұл шабуыл туралы зымыран әлі әуеде болған кезде алдын ала хабарлап қойды. Әлемнің барлық елдері Ресейді айыптап жатыр. Біз бұл әскери қылмысқа жаһандық қатаң реакция күтеміз. Менің ойымша, кейбір елдердің Ресейге деген жұмсақтығы дұрыс емес. Ұсынылып жатқан санкцияларды кімнің жұмсартқысы келетінін білеміз.

Ал Ресей өзіне тағылған айыпты түбегейлі жоққа шығарып, бұған Украина күштері жауапты деп мәлімдеді.

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің өкілі:

– «Точка-У» зымыранын тек Украина әскері ғана қолданып жүр. Қалдықтар мен соққы жасалған орынды талдау жұмысы зымыранның оңтүстік-батыстан жасалғанын дәлелдейді. Мәліметтер бойынша, шабуыл кезінде «Точка У» зымырандарымен қаруланған 19-шы зымыран бригадасының бір батальоны Краматорскіден оңтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Добропольеде болған. Бұл аумақ қазір Украина әскерінің бақылауында.

Осы аралықта Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Еуроодақ  дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Киев пен Бучаға келді. Урсула фон дер Ляйен Украинаның Еуроодаққа қосылу туралы өтінімін осы жазда қарастыратынын жеткізді. Ал Боррель Киевке жақын арада қосымша 500 миллион еуро көмек берілетінін айтты. Зеленский өз кезегінде Ресейге тағы санкциялар салуды сұрады.

Авторы: Ернат Мелсұлы