Сеулде автотұрақ мәселесі өзекті болып тұр

Сеулдегі бұл үйлер ондаған жылдар бұрын салынған. Ол кезде жеке көлікті кез келгеннің қалтасы көтермейтін. Сондықтан құрылыс жобасында автотұрақ қарастырылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты қазір көлік иелері тұрақ тапшылығына тап болды.

Владислав Цой, тілші:

– Заңсыз тұрған көліктерді аудан әкімдігінің қызметкерлері бақылайды. Ереже бұзғандарды қырағы камера да қалт жібермейді. Көлігіңізді осында 5 минуттан артық қалдырсаңыз, сізге 40 доллардан 100 долларға дейін айыппұл төлеуге тура келеді.

Чо Сон У, автотұрақ қызметкері:

2020-21 жылдары коронавирусқа байланысты көліктер аз болды. Өткен дүйсенбіден бастап карантиндік шаралар жеңілдетілді. Итэвон ауданында демалыс орындары көп, шетелдіктердің де қарасы қалың. Барлық сауда орындары мен мейрамханалар жұмыс істей бастады, сондықтан көліктер саны айтарлықтай артты. Билік ең болмағанда қоғамдық көліктер тұрағын ұйымдастыруы керек.

51 миллионнан астам халқы бар Кореяда 25 миллионға жуық автокөлік тіркелген. Көлік қолжетімді. Көптеген отбасыда екі темір тұлпар бар. Сондықтан тұрақ мәселесі әлі де өзекті болып қала бермек. Билік түйіткілді шешуге тырысуда, бірақ автотұрақтардың 2 проценттен астамы ғана муниципалға тиесілі. Қалғандары жекеменшік. Сеулде жер қымбат. Сондықтан бұл мәселе жерасты тұрақтары арқылы шешілмек.

Ким Хен Гю, Сеул қаласының тұрақ жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Бір жылда қоғамдық тұрақтар 27 миллион 971 мың доллар табыс әкеледі. Бұл қаражат тұрақ салуға жұмсалады. Сонымен қатар құрылыс компаниялары әр пәтерге кем дегенде бір тұрақ салып беруге міндетті. Кеңселерді салу кезінде де тұрақжай қарастырылуы тиіс.

Тұрақ мәселесін шешу үшін әрі ауаға тарайтын зиянды заттардың үлесін азайту мақсатында Сеул билігі кейбір қалаларға ескі көліктердің кіруіне шектеу қойды. Ал соңғы кездері Сеулде велосипедпен жүретіндердің саны артқан.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян