Ұлыбританияда кітап бизнесі қалай дамыған

Бұл елде кітап басып шығаруға негізі тікелей қаржылай қолдау жоқ. Бірақ мемлекеттік Англия Өнертану кеңесі және мемлекеттік емес Пен клуб сияқты қорлар гранттар бөлуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығармашылық адамдары мен баспа орындары мемлекеттен көмек күтпейді де. Мұнда кітап шығару ірі индустрия ретінде дамыған. Авторлар кітап шығару үшін еш шығынданбайды. Егер олардың дүниелерінің оқырман тарапынан сұранысқа ие болатынын баспагерлер сезсе, авторлармен жұмыс істеуге таласады. Бірақ мемлекет тарапынан салық жағынан қолдау болатыны рас. Мысалы, өткен жылы пандемия қызған шақта Қаржы министрлігі электронды кітаптарды шығарушыларды қосымша құн салығынан босатты. Яғни, электронды кітаптардың бағасы 20 процентке арзандады. Биыл аудиокітаптардың да салығы алынып тасталса деген ұсыныстар түсіп жатыр.  2021 жылы Британ баспагерлерінің жалпы табысы жаңа максимумға жетіп, 6,7 миллиард стерлинг фунтын құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 процентке көп. Осылайша пандемияға қарамастан, бәлкім пандемияның нәтижесінде осындай өсім байқалды. Зерттеулерге сәйкес күтпеген жерден TikTok әлеуметтік желісінің арқасында әдеби шығармалардың да саудасы қызды. Блогерлер өздері оқыған кітаптардың қысқаша мазмұнымен бөлісіп, танымалдылығын арттырып жатыр.

Әйгілі британиялық жазушы Джоан Роулингтің жазған «Гарри Поттер» кітабының желісімен кинолар да түсірілді, сувенирлерін сататын дүкендер желісі де көп, парктер мен аттракциондар да бар. Бұл бренд туризмді дамытудың да бірден бір құралы. Кейбір мәліметтерге сәйкес Гарри Поттер брендінің жалпы құны 13 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Осылайша нарық заңдылығына сәйкес британиялық кітап шығару индустриясы сұранысқа қарай жұмыс істейді деуге болады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы