Азаматтық авиация жұрттың жоспарын өзгертті

Коронавирусқа қатысты шектеулер алынып тасталып, оқшаудан шаршаған жұрт биыл емін-еркін демаламыз деп ойлаған еді. Алайда біразына жоспарын өзгертуге тура келетін сияқты. Өйткені Еуропа мен АҚШ-та әуе компаниялары жаппай рейстерді қысқартып жатыр. Оған не себеп? 

Әлем елдерін инфляция тығырыққа тіреп жатыр. Мұның салдары азаматтық авиация саласына да әсер етті. Еуропаның көп мемлекетінде сала өкілдері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуіл өткізіп жатыр. Оның үстіне қазір жұмыс қауырт. Шектеулер алынып тасталғалы туристер нөпірі артқан. Скандинвия елдерінің  САС әуе компаниясының өкілдері ереуіл өткізіп жатыр. Кәсіподақ пен басшылық арасындағы келіссөздер еш нәтиже берген жоқ.

Швеция

Мартин Линдгрен, SAS PILOTS GROUP төрағасы:

- Иә, ереуілдер салдарынан кейбір рейстер уақытында орындалмай жатыр. Наразылық акциясы жолаушыларға кесірін тигізіп отырғаны өте өкінішті. Біз келіссөздерді жалғастырып, ортақ мәмілеге келеміз деп үміттеніп отырмыз. Бұл мәселені өзге жолмен шешуге тырыстық. Аладйа ереуіл ұйымдастырудан басқа амал қалмады. 

Тараптар келіссөздер жүргізіп жатқанда әуе рейстерінің кешігуінен қарапайым жолаушылар зардап шегіп отыр. Демалысын алдын ала жоспарлап қойған саяхатшылар діттеген жеріне уақытында жете алмай, әлекке түскен.

БЛИЦ:

- Мен Хорватияға ұшып барып, досыммен кездесуім керек еді. Алайда жоспар орындалмады. Соған ашуланып тұрмын.

- Мен Бразилияға билетті алдын ала сатып алып қойған едім. Бірақ сапар екі күнге кешігетін болды.

Бельгияның ірі әуе тасымалдаушысы Брюссель Эйрлайнс өкілдері де ереуіл ұйымдастырды. Олар демалыс маусымы басталғалы жұмыс көбейгенін айтып шағымданған. Енді осыған байланысты компания жаз соңына дейін 700 рейсті орындамайтын болып шешті.

Француз тасымалдаушылары да тамызға дейін біраз  рейсті қысқартатынын жеткізді. Өйткені қызметкерлер тапшы. Енді Лондонның Хитроу әуежайы ұшатын жолуашылар санын шектейтін болды. Мұнда да адам жетіспейді. Салдарынан әуе айлағында ұзын-сонар кезек пайда болған. Жолаушылар уақытында ұша алмай жатыр. Хитроу басшылығы әуе компанияларынан жаз маусымына билеттер сатылымын шектеуді сұрап, хат жолдады. Өйткені күніне 100 мың жолаушыға ғана қызмет көрсете алатынын айтып отыр. Америкалық тасымалдушылар да жазға жоспарланған рейстерді 15 процентке қысқартуға мәжбүр.

Кеннет Квинн, сарапшы:

- Бұл проблема бізде ғана емес, әлемнің көп елінде байқалып отыр. Расымен, қызметкерлер тапшы. Талап бойынша жұмысшылардың бірі коронавирус жұқтырса, 10 күн үйде болуы керек. Алайда адам жетіспегесін, қызметкерлерді 5 күннен кейін шақыртып алып жатқандар бар. Жолаушылар бәріне әуе компанияларын кіналап жатыр. Алайда мұндай кешігулер салдарынан олар миллион доллар шығынға батуы мүмкін. Сондықтан тасымалдаушылар үшін бұл экономикалық жағынан тиімсіз.

Жолаушыларды қызықтырып отырған мәселе - жағдай қашан тұрақталады деген сұрақ. Алайда сарапшылардың болжамына сенсек, ахуал әлі түзеле қоймайды.    

Кеннет Квинн, сарапшы:

- Бұл жағдай тамыздың соңына дейін жалғасады дей ойлаймын. Әдетте қыркүйектің аяғына таман әуежайда жолаушылар саны азаяды. Алайда Рождестолық мерекелер кезінде жағдай қайталануы мүмкін.

Әуе көлігінің халықаралық қауымыдастығының болжамына сәйкес, биыл азаматтық авиация саласындағы қызметкерлер саны 2 миллион 700 мың шамасында болуы тиіс. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 3 миллион адамға аз. Сарапшылар білікті мамандардың тапшылығына байланысты жалақы өсуі мүмкін дейді. Олар билеттердің бағасы да артатынын болжайды. Өйткені жанармай қымбаттап барады. Көрші ел Ресейде биыл жазда әуе билеттерінің құны 37 процентке өскен. Оған инфляция, жанармайдың қымбаттауы және тікелей рейс орындалатын бағыттардың аз болуы себеп. Санкциялар салдарынан бүгінде Ресей тек 11 мемлекетке ғана тікелей рейс орындай алады.        

Жұлдыз Атагельдиева