Украина астығы осы аптада экспорттала бастайды

Бұл мәліметті Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері де, ресми Киев те растады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астық тасымалы әлемдік азық-түлік дағдарысын шешуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ бұл іс кеме қатынасы компанияларын да үлкен пайдаға кенелтуі мүмкін. Украина Қара теңіз арқылы астық экспортын бастауға қызу дайындалып жатыр. Түркия осы істі үйлестіру үшін Ыстамбұлда арнайы бірлескен орталық әзірлеп қойған. Мамандар көп ұзамай халықаралық сапардың хаттамасын пысықтамақ. Астық дәлізін құру туралы уағдаластыққа өткен аптада қол қойылған болатын.

Фархан Хақ, БҰҰ баспасөз хатшысының орынбасары:

– Келісімге сәйкес барлық тараптар азық-түлікті қауіпсіз тасымалдау үшін бір-біріне көмектесуге дайын. Астық Одессадан және Черноморск мен Оңтүстік айлақтарынан экспортталады.

Украинадағы соғыс басталғалы үлкен дағдарысқа тап болған Түркияның кеме қатынасы компаниялары астық экспортының жандануына зор үмітпен қарап отыр. Алайда сарапшылар қауіп-қатердің де барын ескертеді. Соған байланысты көптеген агенттіктер астықты тасымалдауға сақтандыру полисін беруден бас тартуда. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украинаны уағдаластық шарттарын қатаң сақтауға шақырды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Бұл іс қыл үстінде тұр. Одессадағы портқа шабуыл жасалғанын көріп отырмыз. Негізі олай болмауы керек еді, бірақ өкінішке қарай, осындай сұмдыққа да куә болдық. Тараптар қол қойылған келісім талабын қатаң ұстанады деп сенеміз.

Сарапшылар Украин айлақтарын бұғаудан босатудан бірінші кезекте Таяу Шығыс және Африка елдері ұтады дейді. Африкаға жыл сайын 80 миллиард азық-түлік импортталады. Украина соғысы басталғалы қара құрлықта тамақ бағасы рекордты көрсеткішке жеткен. Қазір Украина қоймаларында 22 миллион тонна астық сақтаулы тұр. Жоспар бойынша ресми Киев айына 3 миллион тонна бидай экспорттамақ.

Стивен Флинн, Солтүстік-Шығыс университетінің профессоры:

Мәселе жетіп-артылады. Былтырдан қалған астықты тез арада экспорттау қажет. Өйткені қазір шаруалар биылғы бидайды орып жатыр. Бұл шамамен 65 миллион тонна. Оны 2023 жылы экспорттау жоспарда тұр. Сондай-ақ мина қойылған алқаптағы жүкті тасымалдау керек. Бірақ бұл мәселені шешуге 1 жарым жыл кетуі мүмкін.

Одақтастар – АҚШ пен Украина қарап отырған жоқ. Қазіргі келісімді орындауға қауіп төнген жағдайда, Вашингтон мен Киев қосымша жоспарды іске қоспақ. Бұл туралы АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі мәлімдеді. Десе де Ақ үй астықты Қара теңіз айлақтарынан тікелей тасымалдау ең тиімді жол екенін жоққа шығармайды.

Авторы: Ернат Мелсұлы