Мұғалім болуға кім құштар?

Бүгінде Германияда денсаулық сақтау саласынан бастап авиацияға дейін маман жетіспейді. Енді жаңа оқу жылы басталар алдында жаңа проблема туындады. Билік мұғалімдер тапшы екенін хабарлайды. Оған Украинадағы шиеленіс себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германияға бұл елден біраз босқынның келгені белгілі. Ол негізінен кәмелетке толмағандар мен әйелдер. Сөйтіп биыл 135 мың украиналық бала мектепке қабылданды. Алайда оларды оқытатын ұстаз аз. Проблеманы шешу үшін арнайы үйлестіру бөлімі құрылған. Ол босқындармен жұмыс істеу үшін оқытудан өтуді ұсынады. Саксония-Анхальт жерінде мұғалімдер тапшылығы кесірінен төрт күндік оқуды енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

АҚШ-ТА 280 МЫҢ МҰҒАЛІМ ТАПШЫ

Германияда мұндай мүмкіндік әлі қарастырылып жатса, АҚШ-тың Техас штатындағы бірнеше ауылдық өңір төрт күндік оқуға көшетін болды. Өйткені мұнда да мұғалім тапшы. Статистика бюросының мәліметінше, бүгінде 280 мыңнан аса педагог жетіспейді. Оның бірнеше себебі бар. Ұстаздар кейінгі уақытта мамандықтың беделі төмендегенін айтады. Оның үстіне жалақы аз төленеді дейді. Сондай-ақ қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын да жасырмайды. Өйткені кейінгі уақытта білім беру мекемелерінде оқу ату оқиғалары жиілеп кеткен. Мұның бәрі онсыз да коронавирус пандемиясынан зиян шеккен оқушылардың үлгерімін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан проблеманы шешу үшін билік түрлі ынталандыру шараларын қолға алып жатыр. Мәселен, Невада штатында педагогтардың жалақысын көтереді. Сонымен қоса өзге өңірлерден көшіп келген мамандарға бонустар төленеді. Аризонада мұғалім қызметіне студенттерді алуға рұқсат етілді. Ал Флоридада еңбекке бұрынғы әскерилер тартыла алады.

МҰҒАЛІМ БОЛУҒА КІМ ҚҰШТАР? 

Мұғалім тапшылығы - Израиль үшін де өзекті мәселе. Мұнда жаңа оқу жылы қарсаңында 5 жарым мыңнан аса маман жетіспейтіні белгілі болды. Кейінгі уақытта елде мамандығы бойынша жұмыс істейтін жас педагогтардың саны айтарлықтай азайған. Өйткені жасы үлкен әріптестермен салыстырғанда еңбекақысы арасында кәдімгідей айырмашылық бар. Бұл негізінен үлкен қалаларда тұратын адамдарға қатысты. Өйткені мұнда жалақысы жоғары басқа жұмыс табу әлдеқайда оңай.

РЕСЕЙДЕ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ТӨМЕН

Көрші ел - Ресейде ДЕ білім беру саласының қызметкерлері жетіспей жатыр. Әсіресе математика, физика, орыс және шет тіл мамандары керек. Оған төмен жалақы мен жүктеменің артуы себеп. Мамандар қалада тапшы. Өйткені мұнда мұғалімдерге еңбекақысы жоғары жұмыс табу үшін мүмкіндік мол. Ал ауылдық жерлерде ондай таңдау жоқ дейді сарапшылар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева