Үш елді байланыстыратын теміржол салынбақ – ШЫҰ

Қырғызстан Самарқанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін асыға күтуде. Өзбекстан сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Владимир Норовтың мәлімдеуінше, осы басқосуда қатысушылар Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан бағытында темір жол салу бойынша құжат қабылдауға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайдан Орталық Азияға теміржол салу осыдан 25 жыл бұрын ұсынылған болатын. Алайда әлі күнге дейін бұл ауқымды жоба жүзеге асқан жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Бір жағынан Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық кедергі келтірген. Оған қоса құрылысты қаржыландыруда әр елдің үлесі жөнінде ортақ келісім әлі күнге жоқ. Сарапшылардың пікірінше, геосаяси ахуал өзгерген қазіргі тұста бұл жобаның өзектілігі арта түсті. 

Алина Молдокеева, саясаттанушы:

Жақында Шолпон-Атада Орталық Азия елдерінің басшылары кездесіп, келісімшартқа қол қойды. Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан қол қойған осы келісімшарт негізінде нақты іске көшетін кез келді деп ойлаймын. 

Десе де Қытай мен Қырғызстан теміржол бағдары жөнінде бір келісімге келе алмай отыр. Бішкек оған көбірек жергілікті станцияларды қосқысы келсе, Қытай бұл тым қымбатқа түседі дейді. Жалпы бұл жоба 5 миллиард долларға бағаланған. Алайда әлі күнге дейін нақты кім оны қаржыландыратыны және салатыны белгісіз.

Бақыт Бакетаев, саясаттанушы:

Егер қазір құрылысын бастамасақ, ол ұзақ уақытқа кідіріп қалады деп ойлаймын. Бұл бағдар немесе шойын жолдың ені секілді техникалық мәселелерге байланысты емес деп санаймын. Өйткені Қытай кез келген бағдарда сала алатыны белгілі.  

Жақында Қырғызстанның Жалал-Абад облысына Қытайдан делегация келді. Олар теміржол өтетін аймақты көріп, геодезиялық зерттеулер мен геологиялық барлау өткізеді. Үш айға жоспарланған жұмыс нәтижесінде жаңа технико-экономикалық негіздеме жасалуға тиіс. Жоба жүзеге асқан жағдайда бұл теміржол арқылы жылына 13 миллион тонна жүк тасымалдау көзделген. 

Авторы: Бақыт Чермашев