Францияның мұнай-химия саласындағы кәсіпорындарында ереуіл толастар емес

Бүгін мұнай өңдейтін тағы бір зауыт жұмысын тоқтатты. Ел аумағындағы жанармай бекеттерінің үштен бірінде бензин тапшы. Осыған байланысты үкімет төтенше шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жанармай тапшылығы бірнеше күн бойы жалғасып келеді. Үлкен шаһарларда жағдай ушыққан жоқ, өйткені тұрғындардың көбі қоғамдық көлікпен қатынай бастады. Ал ауылды өңірде автокөліксіз жұрт әбден қиналып кетті. Әсіресе жұмыс бабы бойынша көп жол жүретін мамандардың жағдайы ауыр.  

Жоэль, құрылысшы:

Әзірше азғантай бензинім бар. Қазір қиындап кетті, бірақ біз мұны еңсереміз. Басқа амалымыз жоқ. Бензин болмаса, не істейсің. .

Камий, медбике:

Бүгін таңертең бензин іздеймін деп, жұмысқа шыққан жоқпын. Дүйсенбі күні де бір сағаттан аса кезекте тұрғандықтан, науқасқа бара алған жоқпын.

Ереуілшілер райынан қайтар емес. Ұлттық Ассамблея депутаты Матильд Паноның мәліметінше, Тоталь мен Ессо компанияларының әрқайсысы жарты жылда 18 млрд еуро пайда тапқан. Кәсіподақтар инфляциядан түскен шығынның есесін қайтару үшін қызметкерлердің жалақысын 10 процентке көтеруді талап етіп отыр. Келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін, үкімет төтенше шаралар қабылдауға ұйғарды.

Оливье Веран, Франция үкіметінің ресми өкілі:

– Үкімет әлеуметтік диалог үшін уақыт бергісі келді. Алайда келіссөз нәтиже бермей, ең алдымен жұмыс, аурухана мен дүкендерге бару және балаларын мектепке апару үшін автокөліктерін пайдаланатын азаматтарымыздың зардап шеккенін көріп тұрмыз. Сондықтан үкімет бұл жағдайға араласуға шешім қабылдады. Ессо тобы үшін негізгі келісімге жеттік. Алайда кәсіподақ бұл шешімге қарсы шықты. Алдағы уақытта біз қызметкерлер реквизициясы арқылы бұл мәселені шешеміз.

Реквизиция, яғни ереулшілерді жұмыс істеуге мәжбүрлеу кәсіподақтың наразылығын тудырды. Мұндай шешімге қарсы олар, егер талаптарына құлақ аспаса, алдағы бір ай бойы ереуілін жалғастыратынын мәлімдеді.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан