Қытайда ковидтің қарқынына қарамастан жүк тасымалы артты

Қытайда коронавирустың қарқын алуына қарамастан жүк тасымалы артты.

Елде контейнерлерді өткізу әлеуеті 5 процентке өсіп, 800 мыңға жетті. Қабылданған жүк көлемі 34 миллионнан асқан. Ал індеттің таралуы Қазақстанға жүк жеткізу ісіне қалай әсер етіп жатыр?

Омикрон пайда бола салысымен Қытайда індетті жаппай жұқтыру оқиғалары жиіледі. Мысалы, қазір елде күн сайын 10 мың адамнан вирус анықталуда. Мыңдаған тұрғын карантинде. Шектеу індет тараған аудандарға тауар тасымалдауға әсер еткен.  Бірақ сарапшылар электрондық платформалар арқылы берілген тапсырыстарға еш ықпалы жоқ дейді. 

Юань Сяоцзюнь, компанияның көп модельді тасымалдар жөніндегі бас директоры:

- Қазір электрондық сауда мен маңызды тауарларға қатысты жүктердің бәрі Қытай-Еуропа бағытымен қатынап жатқан пойыздар арқылы тасымалданып жатыр. Қазақстан мен Орталық Азияға бет алған вагондар саны да ұлғайды. Шектеулерге байланысты Қазақстанмен арадағы саудаға көп көңіл бөлініп отыр. Біздің елдер арасында әуе байланысы да тұрақталып келеді. Қытайда індетпен күрес жетілдірілгендіктен өткізу бекеттері қалыпты режимде жұмыс істейтін болады деп ойлаймыз.

Қытайда індеттің өршуі электрондық саудаға еш кері ықпал етпеген. Бірақ біздің кәсіпкерлер тауар жеткізуде мәселелер туындағанын айтады. Алдын ала ақпарға қарағанда Қытайдан Қазақстанға 1 мыңға жуық вагон мен контейнер жеткізілмей тұр. Оның ішінде Шығыс және Оңтүстік-Азия елдерінен жөнелтілген тауарлар да бар.

Ерік Әубәкіров, "Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы" ЖШС оңтүстік-шығыс Азиядағы өкілдік басшысы:

- Қытай Халық Республикасындағы бізбен шекаралас Шынжаң өлкесінде қатаң түрдегі індеттік ахуалға байланысты, ол жерде карантиндік шаралар күшейтілді. Соның салдарынан шекаралас Шынжаң өлкесі қазір тоқсан күннен астам жабық карантинге. Шекарадағы қытайлық біздің теміржолшы әріптестеріміз үш айдан астам уақыт үйлеріне қайта алмай, сол жерде жұмыс істеуде. Олардың жұмыс істеу нәтижесі әрине үш айдың ішінде еңбекке қабілеті сөзсіз төмендеп жатыр.

Қазір осы және басқа да мәселелерді шешу үшін теміржол мен өзге де қызмет өкілдері кездесіп жатыр. Құжатты рәсімдеу жүйесі цифрландырылған. Бұл тапсырысты ерте рәсімдеп, тұтынушылардың тауарын онлайн бақылауына мүмкіндік береді. Жалпы жағдай өткен жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. Тауар тасымалдау теміржолмен бірге көлік өткізу пунктері арқылы да жүзеге асырылып жатыр. 

Дәурен Ақашұлы, Ботагоз Сыргабаева