Әлемде апатты үйлердің мәселесі қалай қаралады?

Түркияның 1,5 миллион тұрғын үйі апатты жағдайда.

Елде зілзала қаупі жоғары болғандықтан тұрғындар бұл ахуалға алаңдаулы. Дәл осы мәселе Грузия мен Ресей елінде де бар. «Апатты үйлер» мәселесін арна тілшілері зерттеді. 

Ыстамбұлдың 6 миллион тұрғыны күнделікті қауіп-қатерде күн кешуде. Себебі мегаполистің тозығы жеткен үйлері зілзалаға төтеп бере алмайтын күйде, дейді Боғазичи университетінің зерттеушілері.  Мәселені шешу үшін Түркияда 2035 жылға дейін ескі үйлерді жөндейтін бағдарлама іске қосылды. Ел қазынасынан 16 миллиард лира бөлінді. 

Грузия

Ал Грузияда жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген ғимараттар көп. Ел астанасы Тбилисиде 10 мың, ал Батумиде 200 тұрғын үйдің әбден тозығы шыққан. Ел билігі елдегі көне үйлердің тарихын зерттеуге мәжбүр. Мәдени құндылығы болса үйлерді сақтап қалуға тырысады.  

Реваз Сохадзе, Тбилиси қаласы Самгор ауданының депутаты:

- Біз тұрған мына корпусқа жөндеу жасалмағанына көп жыл болды. Қалалық әкімдіктің ескі үйлерді бұзу бойынша бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға сәйкес, бұл корпус алғашқы тізім бойынша бұзылады. Екі жылдан соң, бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді.

Батумидегі "қауіпті" үйлердің біразы құрылыс кезінде дұрыс салынбағаны анықталды. Осындай үйлерді жөндеуге бюджеттен 7 млн доллар бөлінді

Заза Катамадзе, сәулетші:

- Батуми үшін заңда түзету қабылданды. Қала бюджетіндегі қаражат жөндеу жұмыстарына жетпегендіктен, инвесторларды тарту көзделген. Заң бойынша, қызығушылық танытқан инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған.

Ресей

Ресей билігі де сонау кеңестік кезеңде салынған көп қабатты үйлерді жөндеумен әлек. «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы бойынша бес мыңнан астам үй бұзылады. Мәскеудің өзінде 4,5 миллион шаршы метр үй қайта жөнделеді. Зерттеу деректеріне сүйенсек алдағы 20 жылда апатты үйлер саны арта береді.