Әлем елдері жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалып жатыр

Әлем елдерінде Жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр.

Америкалықтар Нью-Йоркте түрлі- түсті тәттілерді таратып, дәстүрлі шараға 1 млн-нан астам адамды жинайын деп отыр. Ал, ресейліктер Халықаралық ғарыш станциясын безендіріп әлек.

Нью-Йорк Жаңа жылды дәстүр бойынша дүркіретіп атап өтпек. Тұрғындар әдеттегідей Таймс-сквер алаңына жиналып, түрлі-түсті тәттіні шашып дайындалуда. Осылайша, ұйымдастырушылар дүйім жұртқа керемет көңіл-күй сыйламақ. Айта кетейік, Нью-Йоркте Жаңа жыл мерекесі жылда ерекше қарқынмен тойланады. Таймс-скверге америкалықтармен қатар, шетелдік туристер де ағылады. Әлем бойынша ең ірі мерекелік шаралардың біріне әдетте 1 млн астам адам жиналады.  Мұндай дәстүр АҚШ-та бір ғасырдан астам уақыт жалғасып келеді. Халық алаңдағы сағат тілі 12-ні көрсеткен кезде жоғарыдан алып хрусталь шардың түскенін асыға күтеді.

Жаңа жылға дайындық жерде ғана емес көкте де қызу жүріп жатыр. Ресейліктер Халықаралық ғарыш станциясы кемесін безендіріп әлек. “Роскосмос” агенттігінің мамандары  Сергей Прокопьев, Анна Кикина және Дмитрий Петелин әсерлі видеосын жұрт назарына паш етті. Олар осылайша алыста жүрсе  де жаңа жыл мерекесін атап өтпек. Еске салайық, Ресейлік "Союз" кемесі зақымданып, салдарынан 3 ғарышкер Халықаралық ғарыш станциясында тұрақтап қалды. Енді “Роскосмос” оларға көмек жібермек. 

Сергей Прокопьев, ғарышкер:

- Халықаралық ғарыш станциясының  бортынан сіздерге жалынды  сәлем. Біз дәстүр бойынша үйдегі шыршаны кеменің ішіне қойып, безендіруді жөн санадық. Біздің жаңа жыл қарсаңында ерекше құттықтауымызды қабыл алыңыздар. 

Қытайда пандемияға байланысты шектеу шаралары бәсеңдегеннен бері мерекелік саябақтар туристерді қарсы алуға дайындалуда. Елдің солтүстігіндегі Сычуань провинциясында тіпті пандалар  қонақтарды күтуде. Әрине, екі жылдан бері  мұнда алғаш рет  тұрғындар мен туристер  қалалар арасына еркін қатынап, саяхаттайды. Дегенмен, мерекеге байланысты ұшақ билеттері қымбаттап кеткен. Алайда, бұған қарамастан халық шектеулердің алынғанына дән риза. Айта кету керек, Қытайда негізгі  Жаңа жылдық мереке ақпан айында дүркіреп тойланады.