Ұлыбританияда азық-түлік бағасы аспандап тұр

Ұлыбританияда азық-түлік өнімдері шамамен 17%-ке қымбаттады.

Жанар-жағар май арзандағанымен, сүт, ірімшік және жұмыртқа сияқты халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасы аспандап тұр. Бұған қоса, мейрамхана, қонақүй қызметі мен әуе билеттерінің құны да шарықтап кетті. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерінің бағасы шарықтап кетті. Сүт өткен жылмен салыстырғанда 50%-ке қымбаттаған. Нан, макарон өнімдері және қанттың да құны қараша халықтың қалтасына батып отыр. Кедейлік қамытын кигендер фудбанктің көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Фудбанк - айлығы шайлығына жетпейтіндерге тамақты аптасына бір рет тегін тарататын жер. Барлығы демеушілердің есебінен. Қайырымдылық орталығына дүкендер азық-түлікпен көмектессе, кәсіпкерлер ақшалай қолдау білдіреді. Қымбатшылық қалтаны қаққан тұста, мұнда келушілердің қатары көбейген. Мәселен, көпбалалы, жалғызбасты ана Донна Хэй осы орталықтың арқасында жан бағып отыр.

Донна Хэй, қала тұрғыны:

- Балаларым аш қалды. Жарық пен газдың, жалдамалы пәтер ақысын да төлей алмай жүрмін. 

Лондонның Хакни ауданында орналасқан фудбанк осыдан 6 жыл бұрын табысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамту үшін айына 2000 фунт жұмсаса, қазір аптасына 4 мыңға шығынданады. Орталық тығырықтан шығу үшін алдағы уақытта 100 000 фунт көлемінде демеуші қаражатын жинауға үмітті.

Мэт Фитцимонс, қайырымдылық орталығының өкілі:

- Кей отбасылар жарық пен жылуды үнемдеу үшін жылыту пеші мен газды өшіріп қоюға мәжбүр. Біздің берген тамағымызды олар пісіріп, жей де алмайды. 

Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунак биыл инфляция деңгейін екі есеге дейін төмендетіп, экономиканың өсімін қамтамасыз етуге уәде берді. Үкімет басшысы сөзінде тұрмаса, билікпен қош айтысуына тура келеді.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Инфляция деңгейінің төмендеуі өздігінен болатын процесс емес. Біз құрған жоспарға сәйкес әрекет еткеннен кейін ғана жүзеге асады. Күзде берген уәдемді орындауға тырысамын, үкімет оған бар күш-жігерін салады.  

Сунак ел экономикасын дамытып, жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашамын деп уәдені үйіп төккенімен бұл істің нәтижесі қандай болары белгісіз. Бюджеттік жауапкершілік Басқармасының жоспарына сүйенсек, биылғы жылдың соңғы тоқсанында тұтыну бағалары индексінің инфляциясы шамамен 4%-ке дейін төмендейді. Бірақ Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамынша, Тұманды Альбионның жағдайы биыл жақсара қоймайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы