Ұлытау тумасы көнеден келе жатқан ұлттық музыка аспаптарын қайта жаңғыртып жүр

Ұлытаудың тумасы, кәсіби музыкант Азамат Бақияның қолында 1200-ге тарта аспап бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның біразын әлемнің әр қиырынан жинаса, көпшілігін өз қолымен жасапты. Осылайша, ол көнеден келе жатқан ұлттық музыка аспаптарын қайта жаңғыртып, жастарға дәріптеп жүр. Жоғалып кеткен ұлар құстың дауысын салатын сазсырнайды да жасап шыққан осы азамат. Шебердің жеке коллекциясын біздің түсіру тобымыз да тамашалап қайтты.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Тұтас бір қабырғаны алып тұрған мына сыбызғылардың әрқайсысының өз тарихы бар. Кейбірін Азамат тіпті сонау башқұрт, татар, моңғол елдерінен жеткізген. Сондай-ақ Кәлек Құмақайұлы, Еңбек Абдоллаұлы секілді әйгілі сыбызғышылардың аспаптарын да аттай қалап, жеке коллекциясын байытқан.

Ал ұлар құсқа ұқсайтын мына сазсырнайды Азамат өзі ойлап тапқан. Жоғалып кеткен киелі құстың үнін аудырмай салады. Бір ғажабы – шебер бұл аспапты тек Ұлытаудың сазбалшығынан жасайды екен. «Басқа шикізатты пайдалансам үні шықпайды», - дейді ол.

Азамат Бақия, шебер:

- Құстың дауысын тауда қайта жаңғырту үшін, естірту үшін осындай аспап жасап, сол аспаптың 10 түрін тауға іліп кеткен болатынмын жасырып. Тауып алған кісілер өзіне ермек қылып, естелік қылып алып қалып, әрбір жерден дауысын ойнап жатса, ұлардың үні өшпес еді.

Қазір Азаматтың жеке қорында 1200 музыкалық аспап бар. Тек сазсырнайдың өзі 700-ден асады. Оның көпшілігін өз қолымен жасаған. Әр аспаптың үні әрқилы.

Азамат Бақия, шебер:

- Жай ғана шеберхана емес, зертханалық шеберхана. Яғни, қазақтың барлық аспаптарын қайта жаңғырту деген мақсат қойып, сол жолда жұмыс істеп келе жатырмын қазір. Бұл енді сақтап қалу және оны әрі қарай дәріптеу мақсатынды жиналған дүние.

Азаматтың атасы да, әкесі де ұста, шебер болған. Бұл қасиет солардан дарыса керек. Жастайынан музыка мектебінде, колледжде дәріс алып, кейін консерваторияны тәмамдады. Жары Айжанмен де сол жерде танысқан.

Айжан Құрақ, жұбайы:

- Былай жасасақ қалай болады, былай істесең қалай болады деген сияқты ақылдасып та тұрамыз. Кейде өз ойымды айтып жатамын. Былай жақсырақ болады, мүмкін былай жасармыз деп, осындай байланыс.

Азаматтың айтуынша, түркітілдес мемлекеттер арасында ең көп ұлттық музыка аспабы бар ел қазақ екен. «Шамамен 90-нан астам түрі бар», - дейді ол. Демек, бұл да қазақ мәдениетінің, өркениетінің мықты болғанын тағы бір дәлелдей түсері анық.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков