Саусақ орнына сым байлаған күйші

Айтбай Мұздаханов 1941 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Кемер ауылында дүниеге келген.

Атасы Молдаш та, әкесі Мұздахан да жүрген жерінде домбырасын тастамаған. Күйшінің арнайы музыкалық білімі жоқ. Негізгі мамандығы - электр-механик.

Алғаш домбыраны қолына жеті жасында ұстаған.

36 жасында өзі шығарған күйлерімен облыстағы байқауда топ жарады. Алайда күллі кеңестік елдердің көркемөнерпаздар фестивалі қарсаңында күйші оң қолынан шынтағына дейін айырылады.

Бұл оқиға жайында өзі былай деп еске алды:

«Жарыс алдында үйдің жұмыстарын істеп, малға шөп дайындайтын цехтағы агрегатты тазалап жатқан едім, техника қолымды орап алды, ал 13 жасымда сол қолымның үш саусағы икемге келмей қалған».

Тағдыр тәлкегіне бір емес, бірнеше рет түскен талантты күйші еш мойыған жоқ.

1986 жылы саусақ орнына сым байлап, домбырасын қолына қайта алады. Оған сол жылдары директор болған Әбсалық Нұржановтың ықпалы болғанын сұхбаттарда жиі айтады. Бастапқыда саусақсыз күй тарту оңай болмағанмен, уақыт өте келе үйреніп кеткен.

«Айтбай күй төккенде тыңдаушыға не жылау керек, не рахаттанып қуану керек, бейжай қала алмайды екенсің. «Көкейкесті» деген бірнеше циклды күйің бар. Қабаттастырып қайтесің. Мына күйде зар тұнып тұр, оны «Айтбайдың сарыны» деп тарт», — деп Н.Тілендиевтің өзі оған жоғары баға берген 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында. 

Күйшінің төрт баласы бар. Төртеуі де домбыраға жақын, алайда әке жолын қызы Анар Мұздаханова жалғап келеді. 

80 жастағы күйші бүгінге дейін сексенге жуық күй шығарған. «Бабалар үні» атты күй жинағы бар.

Оның «Амангелді дүбірі», «Елім-ай», «Қаратау», «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Сейітқұл аңызы», «Ару арман», «Нарқыз», «Жұбату» күйлері мен «Аяулы ана», «Байғабылда бір бала», «Балбөбек», «Шынарым»,  «Дархан дала» әндері Торғай өңіріне жақсы таныс.

Өнерге ешнәрсе кедергі бола алмайтынын дәлелдеген ерекше күйші соңғы кезде «Елім менің» атты музыкалық дастанын, «Кейкі ғұмыр», «Сегіз сері» атты туындыларды шығарғанын жеткізді.

Дайындаған: Баян Әжмұхан