«Бала дауысы» ән байқауының финалы өтеді

7-9 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының қолдауымен «Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының финалы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында өтетін ауқымды жобада биыл қашықтан өткен іріктеу кезеңнің 17 жеңімпазы өнер көрсетеді. Іріктеуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 8 бен 12 жас аралығындағы 5 583 бала қатысқан.

7 қазан, сағат 19:00 - 21:00 аралығында «Шетелдік және отандық хит әндер» атты концерт өтеді. Жас әншілер танымал туындыларды Илья Башкатовтың жетекшілігімен орындайды. Балалардың өнерін Әли Оқапов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбаев, Бейбіт Көшқалиев және Диана Снегина сынды отандық танымал әншілер бағалайды.

Жанкүйерлер өз дауысын www.baladauysy.kz сайтына кіріп, өзі таңдаған орындаушыға бере алады.

9 қазан, сағат 16:00 - 18:00 аралығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Бала дауысы» жобасының 5 жылдығына арналған «Туған күніңмен, Бала дауысы!» атты гала-концертте балалар алдыңғы жылдардың финалистерімен бірге танымал әндерді орындайды. Финалға қатысатын әрбір жас әншіге бағалы сыйлықтармен қатар арнайы мүсінше (статуэтка) табысталады. Ал «Бала дауысы» байқауының Гран-при иегеріне Ұлттық Өнер университетінде оқу гранты беріледі.

Конкурс туралы толық ақпаратты www.baladauysy.kz сайтынан біле аласыздар.