Көкшетауда халықаралық ақындар айтысы өтті

Көкшетауда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты халықаралық ақындар айтысы өтті.

Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жыр додасына елімізбен қатар көрші Қытай мен Қырғызстанның да айтыскерлері келді. Жалпы бұл пандемия басталғалы бері аймақта өткізіліп отырған алғашқы үлкен айтыс.

Айтысқа келген 12 ақын 6 жұпқа бөлініп сынға түсті. Олардың арасында Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызы секілді танымал ақындармен қатар жергілікті жас айтыскерлер де бар. Ал бәріне ортақ тақырып – тәуелсіздік.

Жабал Ерғалиев, Қазылар алқасының төрағасы:

- Біз ақындардың жыры арқылы, ақындардың сыры арқылы, ақындардың ойы арқылы Тәуелсіздікке қол жеткен 30 жылдағы жетістіктерімізді жырлай білуіміз керек. Тәуелсіздік – ол біздің мәңгі жырлайтын тақырыбымыз. Өйткені біз мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған елміз.

Өмірбек Қабай, көрермен:

- Міне айтысымыз болып жатыр. Өте керемет, жоғары деңгейде. Айтысқа халық өте көп келіп жатыр. Үлкендер, жастар да бар. Өйткені көптен осындай рухани азықпен сусындамаған халқымыз сағынып қалыпты.

- Тойламасаң басқа тойды тойлама, Тәуелсіздік тойы бірақ, тойлансын...

Жыр додасын сағынған халыққа ақындар да әдемі айтыс сыйлады. Көпшілік әсіресе қостанайлық Айбек Қалиев пен қырғыз ақыны Асылбек Маратовтың сыйластыққа толы айтысына тәнті болды.

Әсем Ережеқызы, айтыскер ақын:

- Осы соңғы екі аптаның ішінде мынау өтіп жатқан төртінші үлкен айтыс. Енді жалпы ел Тәуелсіздігіне арналып жатыр ғой осы айтыстар. Тәуелсіздік біздің айтысымыздың өркендеуіне, кеңінен қанат жаюына жақсы жол ашты.

Алты сағатқа созылған айтыстың қорытындысы бойынша қазылардың шешімімен Қырғыз елінен келген Темірбек Мытыбаев 1-орынға ие болса, халықтың ыстық ықыласына бөленген оралдық Мұрадым Мирланов, айтыстың бас жүлдесін жеңіп алып, 1 жарым млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Басқа да жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный