Пандемия отандық театрлар жұмысына қалай әсер етті

Еліміздің өнер ұжымдары пандемия жағдайында шығармашылығын жалғастыруға машықтанды. Әсіресе, театрлар көрерменсіз тоқырап қалмай, халықты рухани азықпен сусындатудың жолын іздеді. Бүгінде театр залдары көрермендерге есігін ашты. 

Бұл күндері сахна сыртында да жұмыс жанданды. Костюмерлер әр көріністің киімін баптаумен өзінше әлек. Бір қойылымға 100-ге жуық әртіс қатысса, солардың барлығының киімін костюмерлер бір апта бұрын әзірлеп қояды.

Виктор Караре, «Астана опера» театры директорының орынбасары:

– Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы – сұранысқа ие қойылымдардың бірі. «Астана Опера» театрында ғана емес, әлем бойынша да солай. Түрленіп, өзге көзқарас қырынан да қойылып жатады. Әртістердің мінсіз ойыны көрермен ықыласын жаулайды. Талант иелерінің дауысы мықты оркестрмен сүйемелденеді.

Әйгілі Италия композиторы Джузеппе Вердидің «Травиатасы» «Астана Опера» қойылымдарының ішінен ерекше сұранысқа ие. Театр ұзақ үзілістен кейін дәл осы операны сахналауының себебі де сол. Бұл жолы «Травиата» режиссер Хённинг Брокгауздың шеберлігімен әрленген нұсқада ұсынылды. Көне туындының түпнұсқасы Венеция сахнасында 1850 жылдары алғаш қойылған.

Айжан Құрманғалиева, «Астана опера» театры директорының орынбасары:

– Бір жылдан асты, театрымыз есігін қайта ашты. Шектеулерге қарамастан белгілі бір табысқа да жетіп жатырмыз. Театр жұмысын жалғастыруда. Гастрольдік өмір де өтіп жатыр. Алматыға екі рет сапарлап қайттық, жақында мақтанышымыз, балет труппамыздың солистері Австралияға барып келді. Әртістеріміздің жұмыс орны мен айлығы өз деңгейінде сақталды.

Драма, мюзикл, комедия туындыларын музыкалық жас көрермен театры әзірлеп жатыр. Наурыз айында екі тұсаукесер. Одан кейін түрлі эксперименталды перфоманспен театр сүйер қауымды қуантпақ.

Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры:

– Көрерменсіз театрды көз алдымызға елестету өте қиын. Бұл кино жанры емес, анимациялық жанр емес, болмаса телевизиялық бір фильмдер емес, бұл арада көрерменнің алдында табиғи жанды өнер көрсетіледі. Сондықтан былтырғы жылдармен салыстырған кезде театрда шығармашылық ерекше шабытқа толы, ізденістерге толы кезеңдер өтіп жатыр. Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясын дайындап жатырмыз, екіншісі отандық жас драматург Мұрат Қолғанаттың «Әйел бақыты» деген лирикалық комедиясын дайындап жатырмыз.

Әртістер осы жылы қайта вакциналаудан өтті. Бұл ұжымның да, келуші көрерменнің де сақтығы үшін екені анық. Сала министрлігі биыл театр қызметкерлерінің айлығы тағы 20 пайызға өскенін айтты.

Гүлнафис Мырзашева, ҚР МСМ кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы:

– Бүгінгі күні актерлардың ең аз алатын табысы – 133 мың. Одан басқа шеберлігі үшін қосымша коэффициент төленеді, 50 пайызға дейін қосымша ақы төленеді. Бүгінгі күні елімізде 54 мемлекеттік театр қызмет атқарып жатыр. Одан басқа, жекеменшік театрлар да бар.

Горький атындағы орыс драма театры пандемия уақытында көрерменмен қауышу жолын онлайн қойылымдар өткізу арқылы тапқан. Жұмыс 1 минутқа да тоқтаған емес, дейді өнер иелері.

Әлібек Абдилов, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының баспасөз хатшысы:

– Карантин уақытында көрермендермен байланысымызды үзбейік деп қарым-қатынастың жаңа формаларын таптық. Бүгінде екі репертуар жұмыс істеп келеді. Бұл онлайн форматтағы көрсетілімдер, екіншісі дәстүрлі спектакльдеріміз.

Светлана Фортуна, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының артисі:

– Әскери театрлар болды, маңызды мемлекеттік деңгейдегі оқиғалар тұсында да театралдық труппалар өнер көрсетіп жатады. Бізге көрермендер бұрын да келді, қазір келіп жатыр және болашақта да солай болары анық. Өйткені театр – нағыз шынайы, жанды өнер.

Иә, тарихтағы небір қиын кезеңді еске алсақ, театр қашан да сұранысқа ие, өміршең сала екенін дәлелдеп келеді. Ал әртістер қауымы тасада қалмай, мемлекет тарапынан қолдаудың барына қуанады.