Қытайда мерейтойға арналған конверттер басылды

Бейжіңде қоғам қайраткері, ғалым әрі ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы және бүкіл әлемге әйгілі әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған конверттер басылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара аясында қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Ахмет Байтұрсынов туралы дәріс өтті. Оның өмірі мен еңбегімен қос елдің оқушыларын Назгүл Назарбекова таныстырды. Ахмет Байтұрсыновтың арабтың өрме жазуына негізделген әліпбиін Қытайда тұратын қазақтар әлі күнге дейін қолданып келеді.  

Риза Райымбек , «Rbibeijing Branch» қызметкері:

Ахмет Байтұрсын біздің ұлы атамыздың бірі және қазақтың осы әдебиетінің, тілінің ерте бастаған бір кісі. Ал енді бүгін елшіліктегі бұл қимыл біздің мынау Қытайда туып өскен балаларға бұл кісіні де таныстырып, осы мәдениетті, тарихты да білдіріп, өте жақсы бір қимыл болды деп ойлаймын. Және бір жақсысы, Пекинде туып-өскен қазақ балалар да елшіліктегі Қазақстанның қазақ балалармен араласып, тіл айқастырып, бір-бірін түсініп, осы екі елдің де бір ынтымағына өте жақсы болды деп ойлаймын.