Варвара Мягкова Алматыда концерт берді

Варвара Мягкованың концерті алматылықтар үшін күтпеген тосынсый болды. Себебі, көпшілік пианистің шығармашылығымен тек әлеуметтік желі арқылы ғана таныс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан музыканттың жанды дауыстағы концерті аншлагпен өтті. Залда күтпеген жерден жарық сөніп қалса да, көрермендер смартфондарының шамын жағып, музыкантқа қолдау көрсетті.

Елена Харакидзян, продюсер:

- Менің ойымша, бүгін көрермен, кездейсоқ жағдайға қарамастан, өздері жарық беріп, концерттің тоқтамауына мүмкіндік берді. Бәрі өте керемет. Алғашқы таныстық өте жақсы өтті деп ойлаймын. Өздеріңіз де куә болдыңыздар, концерт бірдеммен өтті, ал көрермен ұзақ шапалағымен қуантты.

Концерт бағдарламасына Мессиаен, Скарлатти және Бахтың туындылары енген. Варвара Мягкованың айтуынша, бұл оның ең жақсы бағдарламаларының бірі.

Варвара Мягкова, музыкант:

- Мен сүйікті музыканттарымды және сүйікті музыкамды тыңдаймын. Мен сыйлайтын, мені сыйлайтын адамдармен жақынмын. Біз бір-бірімізді түсінеміз, менің ойымша,  ең бастысы осы.

Балтабек Мұқашев, меценат:

- Варвара сияқты музыканттарды үйде тыңдаймыз. Мәскеуге, Санкт-Петерборға баруға тырысамыз. Сондықтан, Алматы жұртшылығының да естігенін қатты қаладым. Көрерменнің концерттен алған әсері керемет. Зор ынтамен тыңдады.

Балтабек пен Гүлнәр Мұқашевтардың демеушілігімен пианистің алғашқы жеке дискі жарық көрді. Енді олар басқа да танымал орындаушылардың қазақстандық көрерменмен кездесуін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон