АҚШ-та Абай орталығы жұмыс істеп тұр

Қазақ мәдениетімен, әбедиетімен танысам деген америкалықтар үшін АҚШ астанасында Абай орталығы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Джордж Вашингтон университеті жанынан құрылған орталық 2019 жылдың басында ашылды. Пандемия кедергі келтіргенімен, орталық қазір толыққанды жұмыс істеп тұр.

Вашингтон университетінде постдокторлық зерттеу жүргізіп жатқан француз Мелони Садозай бүгін сабағын Абай орталығында қарап отыр. Өткен жылы Астана мен Алматыны аралап қайтқан ғалым мұнда бірінші рет келген. «Орталық Азияның бір бөлшегіне тап болғандай әсердемін», - дейді.

 Мелони Садозай, WJ университетінің студенті:

- Қазақстан Вашингтоннан қанша алыс жатса да, осы орталыққа келгенде соншалықты жақын сияқты. Мұнда қазақ мәдениетімен жақынарақ танысуға болады екен. Сондай-ақ осы орталықтың «Ұлы дала әуездері» подкасты да сапалы жасалған, жаңа тыңдап көрдім.

Мелони сияқты қазақ мәдениетін білгісі келген шетелдік студенттерге Абай орталығы таптырмас жер. Қазақстанға қатысты ағылшын тілінде жарық көрген зерттеулер мен анталогияларды пайдалана алады. Классик жазушылардың шығармаларын да оқуға болады. Кезінде Ержан Қазыхановтың қолдауымен ашылған орталық пандемиядан соң жұмысын қайта жандандырды.  

 Айтолқын Құрманова, Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтының қызметкері:

- Біз Абай орталығы арқылы тек тарихи жәдігерлерді көрсетіп, мәдени жетістіктерімізді қана танытуды жоспарлап отырған жоқпыз. Сонымен қатар қазіргі Қазақстан мәдениетіндегі жаңалықтарды да жеткізгіміз келеді. Сондықтан орталықтың жұмысын ширатуға қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Еліміз туралы ақпаратты ағылшын тілінде тарату тек Америкада ғана емес, бүкіл әлемде Қазақстанға деген қызығушылық артады деп санаймыз.

Орталықтың сайтында қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми мақалалар мен батыс ғалымдарының құнды зерттеулері бар. Ұлттық музыкалық аспаптарға қатысты подткастарды да осы жерден тыңдап, Абай мұражайына 3D форматта онлайн саяхат жасауға болады. Орталық Джордж Вашингтон университетіндегі Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институты жанынан құрылған. Институт директорының сөзінше, Қазақстанды танып білуге деген қызығушылық студенттер арасында жоғары.

 Марлен Ларюэль, WJ университеті, Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институтының директоры:  

- Мәдениет - кез келген елдің қуаты, күші. Оны жақсы білмей сыртқы саясатын зерттеу, түсіну және халықаралық байланыс орнату мүмкін емес. Абай орталығы қазақ тарихын, мәдениетін, музыкасын, әдебиетін кеңірек аудиторияға паш етудің мүмкіндігі деп білеміз. Жалпы қазақ мәдениетін тек зерттеушілерге ғана емес, қарапайым америкалықтарға таныту үшін көптеген шараларды өткізу жоспарда бар.

Екі жылда орталық бірқатар шараларды жүзеге асырды. Мәселен, Гарвард университетінде Абай симпозиумы өтіп, мұралары көпшілікке таныстырылды. Таяуда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай халықаралық онлайн ғылыми конференция өтті. Мұндай мәдени шаралар ширай түспек.

Авторы: Нұрбек Бекен

Сондай-ақ...