Алматының зообағында аң мен құс көбейді

Алматыдағы хайуанаттар бағында аң-құс саны өткен жылы екі есеге көбейген. Мұны мамандар карантиннің әсері деп біледі. Және шетелдік әріптестермен білім алмасқан зообақ қызметкерлерінің де тәжірибесі толысты деп отыр.

Аумағы 21 гектар жерді алып жатқан Алматы хайуанаттар бағында аң-құстың 400-ге жуық түрі бар. 2020 жыл әлем халқы үшін күрделі жыл болды десек, хайуанаттар үшін жаман болмапты. Алматы зообағы былтыр 162 төл алғандарын айтады. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екен. Карантин уақытында баққа келушілерге тыйым салынғаны белгілі. Сондықтан жыртқыштардың емін-еркін тыныстап, балаларын өсіруге ешкім кедергі келтірмеген.

«Тағы бір себеп жылдан жылға зообақ қызметкерлерінің де тәжірибесі артып келеді» дейді мамандар.

Ақжәми Рахимова, Алматы хайуанаттар бағы даму бөлімінің жетекшісі:

- Біз көп шетел зообақтарымен қарым-қатынастамыз. Ресей, Еуропа, Шығыс Азия зообақтарымен. Тәжірибе аламыз. Олар бізбен бөліседі. Бізде мысалы, бөлісетін көп нәрсеміз бар. Мысалы, Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстармен бүкіл шетелде танымал. Сондықтан бізде өзіміздің тәжірибемізбен бөлісеміз.

Хайуанаттар бағындағы басты жаңалықтардың бірі былтыр күзен тұқымдас Харзаның бірінші рет төлдеуі. Сондай-ақ 8 жылдан бері ұрпақ өрбітпеген қозықұмай құсы биыл балапан шығарса, тұяқтылар бөлімінде теңбіл бұғы да төлдеген. Әлемде жоғалудың аз алдында тұрған Пржевальский жылқысы тура құрбан айт күні туғандықтан құлынына зообақ қызметкерлері Құрбангүл деген есім беріпті. Ал Оңтүстік Африкадан келген Хан мен Сұлу есімді керіктердің Ханзада есімді баласы өткен жазда өмірге келген. Түйеқұстардың да саны артқан. Жұмыртқаны ұрғашысы туғанымен оны басып шығаратын және бағып-қағып өсіретін еркегі екен. Зообақ қызметкерлері аң мен құстың әке-шешесіндей болып кеткен.

Айжан Сыбанбекова, экзотикалық құстар бөлімінің меңгерушісі:

- Осы жапонский журавльдің алған төлі балапан, ол қазіргі таңда бөлек тұр. Бірақ сол жерде жұмыс істейтін тәтенің ылғи да жанында жүреді. Кейде ол кісі демалысқа кеткенде басқа кісі барады орнына. Мысалы, бес күн істеп, екі күн демалады. Сол кезде екі күнге орнына басқа кісі барғанда ол кәдімгідей ол кісіні бөтенсіп тұрады.

Дәл осы Алматы хайуанаттар бағында 49 жыл өмір сүрген қолтырауынның кайман деп аталатын түрі бар. 2002 жылы Германиядан әкелінген жыртқыштың жалпы өмір сүру уақыты 40 жыл екен. Ұзақ жасауының себебі тамағы тоқ, жаулары жоқ.

«Ешкім кедергі жасамайды» дейді зообақ қызметкерлері. Мамандар 2021 жыл да табысты болады деген үмітте.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев