Алматы облысында МӘМС-ке тартылған азаматтардың саны артты

Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тартылған азаматтардың саны 1 млн 600 мыңға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл облыс тұрғындарының 77,5 проценті. Сәйкесінше, 450 мыңға жуық адам сақтандырылмаған. Оларға өткен жылы 136 млрд теңгенің медициналық көмегі көрсетілсе, соның үштен бір бөлігі міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша ұсынылған. Дегенмен халық көбіне консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне, медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне, көрсетілетін қызметтердің сапасына және дәрігерлердің науқасты әдейі ақылы қызметтерге жіберуге тырысатынын айтып шағымданған. «Мұндай келеңсіздік заң талабын бірлесіп орындау шарттарының болмауы себепті туындап отыр. Біздің басты мақсатымыз – пациенттердің құқын қорғау. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы ең негізгі тұлға – науқас, оның мүддесі мен денсаулығы. Сол себепті біз кері байланыстың түрлі арналарын ұсынып отырмыз», - дейді қор өкілдері.

Нұрлан Отарғалиев, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры:

 – Qoldau 24/7 сияқты мобильдік қосымшалар арқылы бізде пациенттермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Әлеуметтік желілер, фейсбук, инстаграм, телеграм бот, сонымен бірге сайттарымыз бар (fms.kz), сонымен қатар әр медициналық ұйымның сайтында плагин орналасқан. Ең бірінші сұрақ сақтандырылды ма, сақтандырылмады ма, мәртебесін анықтау. Ол үшін толық жағдай жасалған.