Кеген ауданында ірі қара мал қырылып жатыр

Алматы облысының Кеген ауданында 53 бас ірі қара қырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар малдың қарасан мен пастереллез індетінен өлгенін айтады. Ал тұрғындар Бөлексаз ауылындағы шаруашылықтардың бірінде малдың өлексесі тау болып, қидың астында көміліп жатқанына алаңдайды. «Өйткені көктемде сай-саладан құйылатын қар суы сол жермен ағып өтеді. Ауылдағы жекелеген тұрғындардың қолдағы малына індет тарауы мүмкін. Сондықтан аталған шаруашылық ауылдан көшуі керек. Біз соны талап етеміз! Қазір қорадағы сиыр сүтін ішуге үрейленіп отырған жайымыз бар», - деп дабыл қақты ауыл тұрғындары. Мамандардың айтуынша, аталған шаруашылық карантинге жабылып, ондағы мың шақты бас ірі қараға егу жұмыстары жүргізілген.

Бөлексаз ауылының тұрғыны:

– Көшу керек. Баз көшпесе, ертең көктемде су ағады. Қазір сіздермен барып бірге түссек, ана жерге мына ауылдың айналасындағы бүкіл су, қардың суы осылардың базымен өтеді. Мыналар тура су ағатын жерге салған. Бұлардың қидың астына жасырған 5 жылдан бергі өлігі әлі тұр. Сенбесеңіздер, қазір аштырайық, барып көрейік. Жүз бәленбай бас ана қидың астында тығылып жатыр, содан ауру шығып жатыр.

Қабыл Төкенов, Кеген аудандық Ветеринария станциясының директоры:

– Ауырған малдардан материал алынып, облыстық зертханаға жіберілді. Облыстық зертхананың қорытындысы бойынша қарасан ауруына және пастереллез ауруына оң нәтиже көрсетті. 19  бас осы уақытқа дейін қарасан ауруынан өлді. Ал алдындағы бізге хабарламай өлген 34 мал басы облыстық инспекция мамандарымен және өзіміздің ветслужбамен Бөлексаз ауылындағы мал өлексесін тастайтын орынға тасталынды.