Алматыда жануар жанашырлары арасында шу шықты

Даудың басы қаңғыбас төрт аяқтыларды қорғауға арналған жаңа жобадан басталды.

Көше кезіп жүрген ит пен мысықты қорғайтын еріктілер жаңадан құрылған «Pet Ville» жобасының авторын алаяқ деп отыр.

Нұрлан Чалбасов есімді алматылық жануар жанашырына қатысты дау өткен жылдың қарашасында басталған. Иттерді асырауға арналған қоғамдық қорына және өзіне қатысты жала әлеуметтік желі арқылы өрбіпті. Соның кесірінен қайырымдылық жоба тұралап қалған.

Нұрлан Чалбасов, Pet Ville қайырымыдылық қорының қамқоршылық кеңес мүшесі:

- Біздің қайырымдылық жобамызды өзге әріптестер басқа мақсатта қабылдап отыр. Бұл жобаға менің өткен өмірімді араластыруда. Яғни менің бұрынғы қарыздарымды сылтау етуде. Қоғамдық қордың жарғысына сәйкес мен қордың қаражатына қол сала алмаймын. Менің құқығым да жоқ.

Бүгінде Алматыда қаңғыбас төрт аяқтыларға арналған 15-тен аса орталық бар. Ал Нұрлан Чалбасовтың орталығында қазір жеті ит мекендейді. Оларға барлық жағдай жасалған дейді жоба авторы. Әр итке жеке үйшік салынған. Олардың жағдайын тәулік бойы бейнебақылау арқылы арнайы қосымшадан көруге болады екен. Кез-келген адам өзі қалаған итке арнап ақша аудара алады. Жануар жанашыры орталықтағы иттердің санын арттыруды жоспарлаған. Алайда алаяқтық туралы қауесет жұмысқа кедергі болып тұр екен.

Нұрлан Чалбасов, Pet Ville қайырымыдылық қорының қамқоршылық кеңес мүшесі:

- Жоспар көп. Үлкен жер телімін сатып алып, көлемді оңалту орталығын салсам деймін. Онда арнайы клиникадан бастап, кинологиялық орталық қарастырылған. Үйретілген иттерді қоғамның қажетіне жаратуға да болады. 

Кейіпкердің айтқан жобасын жүзеге асыру үшін шамамен 128 млн теңге қажет екен. «Pet Ville» қоры бұл қаражатты қайырымдылық арқылы жинамақ болыпты. Оның жобасын құптамайтын жануар жанашырының бірі - Николай Ковалев. Отбасымен бірге олда үй жануарларына арнап орталық ашқан. Қазір Ковалевтердің ауласында жалпы саны 150 ит пен мысық бар екен. Оның айтуынша, Нұрлан иттерді пайдаланып, өзінің қарызын жаппақ.

Нұрлан Чалбасов, Pet Ville қайырымыдылық қорының қамқоршылық кеңес мүшесі:

- Мен басында Нұрланның кім екенін сұрастырдым. Ол алаяқтық үшін алты жыл жазасын өтеген. Оның қазіргі қарызы 90 млн. теңге. Бастап отырған жобасы  заң бойынша басқа адамға тиесілі екен. Бұрын алаяқтық жасаған адам, қайта жасамасына кім кепіл.

Нұрланның айтуынша, қайырымдылық қоры да, мақсаты да адал. Қаржылық айналымдарды да тексертуге дайын. Бірақ жаңа жобаның атына кір келді дейді.

Аршын Кемелжан, Григорий Беденко, Валентин Лобанов