Екпеге ел дайын ба?

Соңғы күндері қазақстандықтарға жаппай екпе егу турасында көп айтылды. Ресми мәлімдемелер жасалды, ел ішінде қызу талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, салынатын вакцинаның сапасы көптеген пікірталасқа себеп болды. Осыған байланысты апта аяқталар тұста Үкімет басшысы жиын өткізді. Онда Асқар Мамин отандық QazCovid-in вакцинасының тиімділігі 96 проценттің деңгейінде деп мәлімдеді.

Қазақстандықтардың екпені әзірлеуші компания мен денсаулық сақтау министрлігіне қарата қойған сұрағында есеп жоқ. Алайда жауапты мекеме өкілдері халықаралық талаптарға сай сынақ барысының құпия екенін алға тартады. Ал вакцина салдыруға келіскен ерікті азаматтар арнайы келісімге қол қойған. Сондықтан олар кей ақпараттарды жария ете алмайды. Осыған байланысты әзірге көптеген сұрақ жауапсыз қалып отыр.     

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

Барлық ақпарат құпия. Жария етілмейді. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты Ұлттық сараптама орталығына ғана есеп береміз. 

Қазақстандықтарға салынатын вакцинаға қатысты да көптеген пікір бар. Әзірге алғаш болып Ресейдің «Спутник V» екпесі егілетіні белгілі. Ал көктемде отандық QazCovid-in нарыққа шығарылады. Қазір клиникалық сынақтың соңғы, үшінші кезеңі өтіп жатыр. Жуырда жиын өткізген премьер-министр Асқар Мамин қазақстандық өнімнің тиімділігі 96 проценттің деңгейінде екенін мәлімдеді. Дегенмен мамандар коронавирус қаупі толық сейілгенше елімізде екпе жыл сайын салынуы мүмкін деген ой айтады.       

Бақыт Көшерова, Қарағанды Медицина университеті ректорының орынбасары:

Коронавирустық вакцинаның иммундық әсері ұзаққа созылмайды. Антидене өмір бойына жетпейді. Сондықтан екпені жыл сайын салдыруға тура келеді. Менің ойымша, біз түрлі вакциналарды 12 ай сайын салдырып отырамыз. Осыған дейін жасалған зерттеулердің нәтижесіне қарағанда екпе егілген азаматтардың моральдық иммунитетінің деңгейі 3-тен 6 айға дейінгі аралықта төмендейді. Халықаралық басылымдарда жарияланған ақпараттарда 3 айдан кейін коронавируспен ауырған адамдардың вирусты қайта жұқтыруы мүмкін екені айтылады. 

Қазақстандықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – вакцинаның нақты кімге салынып, кімге салынбайтынына қатысты. Белгілісі – екпе жүкті әйелдер мен балаларға егілмейді. Бұдан бөлек, тұмауға шалдыққан және созылмалы ауруы ушыққан азаматтардың да асықпағаны жөн. Иммунологтар осылай дейді. Алайда мамандардың сөзіне кереғар пікір де ел ішіне көп тараған.    

Павел Дерябин, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы:

– Жалған ақпараттың негізінде тыйым салу деректері болуы мүмкін. Олар көбіне жекелеген адамдардың көзқарасына негізделген. Мәселен, даун синдромына шалдыққан және сал ауруымен ауыратын балаларға екпе салынбауы керек деген ой айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл жаңсақ пікір. Осал топқа жататындарға вакцина бірінші кезекте салынуы керек. Яғни біз оларды негізгі ауруынан емдей алмасақ та вирустық инфекциядан қорғаймыз.   

Елена Ковзель ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бағдарлама меңгерушісі:

– Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болған және инкубациялық кезеңдегі азаматтар вакцина салдырмағаны дұрыс. 10-12 күн өтуі тиіс. Егер осы уақыт аралығында бәр дұрыс болса, онда екпе егуге тыйым салынбайды.

Иммунологтар коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң екпе бөлмесінде 30 минут отырған жөн дейді. Сонда ғана екпе кері әсер еткен жағдайда мамандар оның себебін бірден анықтай алады. Айтпақшы, вакцина егілген соң ішімдік ішуге болмайды. Бұл да ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін.      

Автор: Нұршапағат Несіпбаев

Сондай-ақ...