ШҚО-да вакцина салу басталды

Шығыс Қазақстан облысында вакцина салу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өлкеге ресейлік препараттың бірінші партиясы, яғни 1300 дозасы жеткізілді. Өскеменде алғашқылардың бірі болып екпе медициналық қызметкерлерге салынды. Облыстық Ана мен бала орталығында екпе кабинетіндегі мамандар толық оқу курсынан өткен. Медициналық мекеме жалпы 270 адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Барлығы науқас адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын, қауіпті аймақта жұмыс істейтін қызметкерлер. Әрине, алдымен орталықтың директоры өз ұжымына үлгі көрсетіп, қатерлі індетке қарсы вакцинаны салдырып шықты.

Ермек Омарбеков, ШҚО «Ана мен бала» орталығының директоры:

- Вакцинаны салдырып шықтым. Жағдайым тамаша. Денсаулығымда ешқандай өзгеріс байқалған жоқ. Сатурациям 99, қан қысымым 120/80. Әлемді пандемия жайлап тұрған осы сәтте оған қарсы екпе салдыртудың маңызы зор. Егер еліміз осы індеттен аман-есен құтылып, бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралсын десек, еш қорықпай вакцина салдырған дұрыс деп санаймын. 

Арайлым Тұрашева, учаскелік медбике:

- Ауырған жоқ, өзім денсаулығым үшін екпе алуға шешім қабылдадым, ешқандай шағым жоқ. Ауырған жоқ, алуға кеңес беремін.