ШҚО-да 500-ге жуық қар көшкіні болуы ықтимал нүкте анықталған

Шығыс Қазақстанда қар көшкінінің алдын алуға байланысты сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде шартты сценарий бойынша құтқару операциясы өтті. Мамандарға көшкін басып қалған жолаушылар мен шаңғышыны құтқару міндеті жүктелді. Құтқарушылар бірден екі топқа бөлініп, іздеу шараларына кірісті. Бір бригада қар астында қалған көлікті аршып, ондағы адамдарды қауіпсіз жерге шығарса, екіншісі иттің көмегімен шаңғышыны іздеді.

Қазір өңірде 500-ге жуық қар көшкіні болуы ықтимал нүкте анықталған. Соның 330-дан астамы тас жол бойында. Қыс басталғалы селден қорғау мекемесі тау беткейіндегі 12 мың текше метр қарды түсірді. «Дегенмен, таулы аймақтан өткенде қатты дабыл беруге, аялдап тұруға болмайды», - дейді мамандар.

Омар Дүзгімбаев, ШҚО «Қазселденқорғау» ММ филиалының басшысы:

- Ең қауіпті Өскемен жолы бойынша Өскемен – Самар бағыты, Өскемен – Серебрянск бағыты, Өскемен – Тауыл Үлбі бағыты, Алтай ауданы бойынша Путинцова, Богатырева, Зубовск, Қатонқарағай ауданы бойынша Рахман қайнары. Түнгі уақытта қар көшкіні түскенде, құлақтандыру берілген жағдайда адамдар осы бағыттарда қауіпсіздік сақтауы керек.