Павлодарда 500 дәрігер вакцина салдырды 

Өткен үш күнде Павлодар облысында 500-ден аса дәрігер екпе салдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші кезекте провизорлық стационарларда жұмыс істеп жатқан дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар алып жатыр. Олар екпені тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаларға барып жасатады. Облыс бойынша 107 арнайы кабинет жасақталған. Аймаққа Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасының 1200 дозасы жеткізілген. Әзірге коронавирусқа қарсы науқанға тек медицина мамандары қатысып жатыр.

Вакциналау басталған күні Павлодар кардиологиялық орталығының директоры да екпе жасатқан еді. Оның айтуынша, вакцинаның ешқандай кері әсері сезілмеген. Күнделікті қызметіне кірісіп кеткен кардиохирург бүгін 59 жастағы науқасқа күрделі операция жасап, жүрек қалқаншасын ауыстырды. 

Әділжан Ақбазаров, облыстық Кардиологиялық орталықтың директоры:

– Жағдайым жақсы. Бірінші күні аздаған әсері байқалды. Бірақ ол кез келген вакцинадан кейін болатын жәйт. Мәселен біз тұмауға, қызылшаға қарсы екпе салдырған кезде осындай күйді бастан кешеміз. Бүгін екінші күн, әдеттегідей операция жасаумен айналысып жатырмын. Еңбекке қабілеттімін. Дене қызуым көтерілген жоқ. Коронавируспен ауырып шыққан адам ретінде айтарым, ешқандай кері әсері тиіп жатқан жоқ.