COVID-19: Қарағанды облысында 600-ге жуық дәрігерге екпе егілді

Қарағанды облысында 600-ге жуық дәрігерге ковидке қарсы екпе егілді.

Ақпанның алғашқы күнінде вакцина салдырғандар үш күндік қатаң бақылаудан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерікті түрде ем қабылдағандар қазір өздерін қалай сезінеді? Дәріден кейін кері әсер байқалды ма?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Алғашқы кезекте ем қабылдауы тиіс дәрігерлер орталыққа әлі де келіп жатыр. Олар екпеден кейін қандай әсер болуы мүмкін екенін жақсы білсе де, әріптестері талап бойынша тағы бір еске салады. Тек осы орталықта 4 күнде 330 адамға екпе салынған. Оның тек 46-сы осы емханада тіркелген пациенттер.

Татьяна Баширова, қалалық медициналық-санитарлық орталық басшысы:

- Біздің емханаға тіркелген 46 адамның тек үшеуінде алғашқы күні ыстығы 37,5 градусқа дейін көтеріліпті. Содан соң басы ауырып, әлсіздік байқалған. Екінші күні оның барлығы жоғалған. Вакцинадан кейінгі бұл құбылыстың барлығы қалыпты жағдай болып есептеледі. Есінен танып, қиын жағдайға душар болғандар болған жоқ. Біз үш күн бойы қайта-қайта хабарласып, хәлін біліп тұрамыз.

Александра Карпекина – инфекциялық дәрігер. Ол індет асқынған шақта қаланың провизорлық орталықтарында жұмыс істеген. Сол кезде өзі де жұқтырыпты. Жеңіл түрде өкпесі қабынған. Соңғы тапсырған сынамасы ағзада антиденелердің мөлшері азайғанын көрсетіпті. Сондықтан алғашқы күні-ақ вакцина салдырып алған.

Александра Карпекина, инфекциялық дәрігер:

- Ақпанның үші күні мен вакцинаның алғашқы компонентін салдырдым. Екпе салмас бұрын қорқыныш болды, себебі бұл вирус әлі зерттелген жоқ. Бірақ біз ресейлік әріптестермен дайындық жүргізген кезде мен өзіме қажет ақпараттарды алдым. Ыстығым аздап қана көтерілді, бірақ дәрі қабылдамай-ақ өзі түсті. Әлсіздік те байқалды. Қазір менде анти-денелер пайда болды. Енді екінші компонентті салғанда олар ұзақ уақыт тұрақты болады. «Шамамен 1-2 жыл», - дейді мамандар.

Еске салсақ, қазір облысқа 1700 дана ресейлік «Спутник V» вакцинасы жеткізілген. Ақпанның 15-інен бастап қарағандылық зауытта шығарылған ресейлік вакциналар пайдаланылады. Ол кезде облыстың түкпір-түкпіріне 6 мың доза дәрі жеткізу жоспары бар.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев