Түркістанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына мүлде жағдай жасалмаған

Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына мүлде жағдай жасалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп ғимараттарда пандустардың жоқтығы мен талапқа сай салынбауынан қоларбаға таңылған азаматтар жеке адамдардың көмегінсіз дәріхана, дүкен сияқты әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелерге кіре алмай отырғанын айтып, шағымданды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Еркінбай Шалтанов арбада отыратын азаматтардың жағдайын жақсы түсінеді. 20 жыл бұрын өзі де абайсызда бел омыртқасын зақымдап алып, арбаға таңылған. Алғашында күйзеліске түсіп, өмірден баз кешкенімен, тірі адам тіршілігін жасау керек екенін ұққан. Содан бері қоғамдық жұмыстарға үн қосып, белсенділігімен жастарға үлгі көрсетіп келеді. Алайда арбада отыратын азаматтардың қалада жүріп-тұруы қиын екенін жасырмайды.

Еркінбай Шалтанов, қала тұрғыны:

- Адамдардың мүгедектерге деген көзқарасын өзгертпей, пандус салу, сол адамның ішкі дүниесін сезінбегеннен кейін сол адамның халын сезінбеген соң ол өзгеру мүмкін емес. Пандус деген ұғымның не екенін білмейді көріп жатырсыздар ғой. Тіп-тік, жылтыр ғып жасаған. Мынандай биік сатыға бір адам алып шығу деген өте қиын ғой. Амал жоқ, біреуге мұқтаж боламыз.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, облыс орталығында пандус орнатылмаған жүзден астам ғимарат бар. Бірақ олардың көбі жекеменшікке тиесілі. Ал арнайы құрылғы орнатылғандары талапқа сай келмейді. Мамандар пандус мәселесін алдағы 5 жыл ішінде кезең-кезеңімен шешеміз деп отыр.

Сұлтан Оранбаев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

- Қазір қаладағы мемлекеттік мекемелердің алдына арнайы қоңыраулар орнатылған. Егер қоларбада отырған мүмкіндігі шектеулі азамат келіп, ішке кіре алмаса, бірден қоңырау шалады. Іштен мамандар шығып, ішке кіргізеді, болмаса, мәселесін тыңдап, көмектеседі. Өткен жылы арнайы декларация қабылданған. Ол бойынша мердігер мекеме салған әлеуметтік нысанды мемлекеттік комиссия қабылдап алғанға дейін біздің мамандардың мақұлдауын алуы тиіс. Егер мүгедектерге жағдай жасалмаса, ол нысан қабылданбайды.

Ережеге сәйкес, әрбір әлеуметтік нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті арнайы көлік тұрағы, пандус және әжетхана болуы тиіс. Әзірге Түркістан қаласы бойынша мүндай талапқа конгресс-холл мен әуежайдың ғимараты ғана сәйкес келеді. Айта кетейік, Түркістан қаласында 8 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Олардың 367-сі қоларбаға таңылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы