Елорда іргесіндегі ауылдар күл-қоқысқа толы

Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантинде қоқыс тіпті көбейді. Бірақ осы тұрмыстық қалдықты сұрыптау жағы қалай? Қоқысты кәдеге жарату қаншалықты жолға қойылған? Экологтар тұрғындар қалдықты қалай болса солай тастай беретінін айтады. Қалада да, далада да шашылып жатқан тұрмыстық қоқыс көп. Ел астанасында да жағдай мәз емес. Қала іргесіндегі ауылдар да күл-қоқысқа толы. Тілшіміз елорда маңындағы елді мекендерді аралап, тұрғындарды тыңдап қайтты.

Назерке Есенбек, тілші:

- Бұл – Тайтөбе. Елорда іргесіндегі елді мекеннің сыйқы осы. Айналасы қоқысқа толған. Тау болған үйіндінің иісі қолқаны қабады. Маңына жақындау мүмкін емес. Қыстың күні жағдай осы болса, көктемде не боларын өзіңіз пайымдай беріңіз.

Таңжарық Керімқұлов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:

- Мен осы Тайтөбе ауылының тұрғынымын. 2007 жылдан бері тұрамын. Осы басында бізде мына қоқыс тастайтын жер тура ауылдың маңында болды. Одан ұшқан қоқыстың бәрі ауылды басып кететін. Одан кейін енді осыны ауыстыру мәселесі болған кезде, міне, осы Тайтөбеден батысқа қарай 3 шақырым жерге ауыстырылды. Ауыстырғаны бар болсын енді. Бұл жер арнайы қоқыс тастайтын орын емес негізінен. Оның іші толып кетеді, одан кейін сыртына шығып кетеді. Өте көп қоқыс жатыр осы күнде. Бізге бұл қоқыстың зияны иісі келеді. Жазда онда өлексе малдардың жемтігі жатады.

Талапкер ауылындағы тазалықтың деңгейі де осыған ұқсас. Аяқ алып жүру қиын.

Назерке Есенбек, тілші:

- Талапкер маңындағы қоқыс үйінділерінен әртүрлі заттар табуға болады. Көлік дөңгелектері, құрылыс қалдықтары, тіпті жануарлардың қаңқаларын да. Тұрғын үйлерден мұның барлығы бірнеше метр қашықтықта ғана орналасқан.

Қалдық неге жайылып жатыр? Себебі, ауылда қоқыс жәшігі мүлде жоқ. Болмаған соң әркім қолына ұстағанын айналаға лақтырып кете береді.

Гүлсім Омарова, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Жәшік енді. Әрбір адам сатып алып, қолдан жасап, өздері қояды. Оны құлыптап қояды. Былай көшеге әкеп, осыған салыңдар деген жоқ ондай. Мен өзім қалаға апарамын. Балалар кетіп бара жатқанда беріп жіберемін, алып кетіңдер деп. Жинап-жинап қоям да үйге, кәдімгі салып апарып жібереді.

Мұхтар Жакенов, Талапкер ауылының  тұрғыны:

- Мен 2012 жылы көшіп келдім. Содан бері сол жерде свалка. Ол қайта жөнге келтірді ғой. Негізі мүлдем барлық жер шашылып жататын. Қоқыс ашық жатыр. Ол қазылуы керек жер. Қиын емес қой қазу. Сосын соған тастап барып, бетін жауып отырса жақсы болар еді. Иісі енді Талапкерге, тұрғын үйлерге келеді. Мына жерде ауыл тұр. Көлік қозғалысы жүріп жатыр. Мына жақта қоқыс жатыр. Жан-жағынан қарасаңыз, өте әдемі емес.

Өткен жылы Целиноград ауданында 282 заңсыз қоқыс тастайтын орын анықталған. Оның 70%-ке жуығы жойылды. Алайда қыста қалдық қайта көбейеді. Ал жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, бұл мәселенің түбегейлі шешілмеуіне бірнеше себеп бар.

Валерий Асамбаев, Целиноград аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының м.а.:

- Целиноград әкімдігі тарапынан қатты тұрмыстық қалдық полигондарын ашуды ұсындық. Алайда ол бастамамыз қолдау таппады. Қоқыс төгуге арналған жер де белгіленді. Оны уәкілетті органдармен келістік. Бірақ Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі келісім бермеді. Енді қараңызшы, елордада құрылыстан қалған қалдықты адамдар біздің ауданның аумағына әкеліп төгіп кетеді. Мұның салдарын айналып келгенде біз тартамыз. Ал, елорданың полигоны ауданымыздан шамамен 60 шақырым жерде орналасқан. Оған жету алыс болғандықтан, қоқыс таситын көлік жүргізушілері сол қалдықты елдімекендегі жол жиектеріне төгіп кете береді.

Айттық, елде тек бір жылдың өзінде 5 млн тоннадан артық қоқыс түзіледі. Оның 90%-ке жуығы полигондарға төгіледі. Яғни, бізде қоқысты өңдеп, оны кәдеге жарату да жөнді жолға қойылмаған.

Авторлары: Назерке Есенбек, Арман Ақшабаев, Ержан Қанапияұлы