Қызылордада коронавирусты емдеуге қажет иммундық плазма әзірленді

Әр тамшы қан үшін мың алғыс. Бұл – миллиондаған қазақстандықтың донорларға білдірген ілтипаты.

Ал өмірі қыл үстінде тұрғандарға үміт сыйлау және аурудан құлан-таза айығуына сеп болу қан тапсыру орталығына ұдайы бас сұғатын 22 мыңдай қызылордалықтың басты ұстанымы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қамбар Бекенов, тілші:

- Өңірде COVID-19 жұқтырғандарды емдеуге арналған иммундық плазма қоры жасақталу үстінде. Оны коронавирустан айығып шыққан адамдардың қанынан әзірлеп жатыр.

Оқшауланған бөлмедегі өмір бітпестей көрінген ұзақ емдеу процесі. Динара Адабаева қорқынышы түстей болған осы кезеңді еске алса, денесі түршігіп сала береді. 15 сәуірде тест арқылы анықталған COVID-19 вирусын 40 жастағы әйел қатаң санитарлық талап пен медициналық нұсқамаларды бұлжытпай орындаудың арқасында жеңіп шықты.

3 баланың анасы Динара індеттен арылғандар арасында алғашқы донор атанды. «Өзгелердің де ерте сауығып кетуіне үлес қосу азаматтық борышым», - деп санайды ол.

Динара Адабаева, донор:

- Ең баста естіген кезде үрей-қорқыныш болды. Балаларымды уайымдап, балаларыма алаңдадым. Жұқпалы аурулар ауруханасына алып кеткен күні тест алынды және 15 күннен кейін тағы алды. Теріс нәтиже болды, жақсы болды. Менің қан плазмамды беру арқылы келесі емделуші науқасқа ем түрінде беріліп жатыр. Сондықтан барша коронавирустық тізімдегі науқастарға ем болсын дегім келеді.

Қан орталығы мамандарының иммундық плазма жасау тәжірибесі мол. Себебі соңғы жылдары конго-қырым безгегіне шалдыққандарға үзбей дайындап келеді. Бірақ коронавирусқа арналған қорға кез келген адамның қаны алынбайды.

Жұпар Жантұрсынова, трансфузиолог:

- КВИ-мен ауырған адамдардың қан құрамында антиденелер түзіледі. Бұл дүниежүзілік ғалымдар зерттеуімен дәлелденген. 484 жағдай тіркеліп отыр. Қазір ауырып жатқан науқастарға ауырып кеткен науқастардың плазма сарысуын құю арқылы емдік мақсатта иммунитет көтеру үшін құйылады.

Серік Игембаев, қан орталығының директоры:

- Иммундық плазма вирус жұқтырып, ауыр жағдайда жатқан науқастарға құйылады. Оған дейін біздің тоңазытқыштарда сақталады. Қажет деп сұратқан емдеу мекемелеріне жіберіп отырамыз.

Аймақта өткен жылдан бері 3800-дей адам COVID-19 жұқтырған. Соның басым бөлігі иммундық плазма дайындау үшін донор болуға келісім берген.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев