CҚО-да қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте боранды күні жолға шыққан жүзден астам адам құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ қар құрсауында қалып қойған 40-қа жуық көлік қауіпсіз жерге көшірілді. Өңірде кешелі-бері жергілікті, облыстық маңызға ие жолдарда қозғалыс шектелді. Мұнымен қоса, республикалық траccалардың бес учаскесі жабық тұр. Жүргізушілер діттеген жеріне жете алмай, біраз әбігерге түсіп жатыр. Эвакуациялық бекеттерге 14 азамат жеткізілген. Олардың қатарында балалар да бар. Мұнымен қоса, құтқарушылар екі науқасты жол талғамайтын арнайы техникамен ауруханаға жеткізді. Ең бастысы, адасқандар мен үсік шалғандар жоқ. Қазір шұғыл әрекет ету топтары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Ал облыста алдағы демалыс күндерге дабылды ескерту жарияланды. Себебі синоптиктер боран соңы қатты аязға ұласады деп отыр.

Рүстем Жұмағалиев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Облыстық жолдардың барлығы әлі жабық. Себебі аудандарда метеорологиялық жағдай тұрақталған жоқ. Өткен тәулікте желдің екпіні кей елді мекендерде секундына 28 метрге дейін жетті. Салдарынан жауаптылар жол тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізе алмай отыр.