Қорғаныс министрі әскер дайындығын тексерді

Елдің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Алматы және Жамбыл облыстарына жұмыс сапарымен барды.

Ведомство басшысы Тілендиев кентіндегі бітімгерлік даярлық оқу-жаттығу орталығында Ливанға аттанатын әскерилермен кездесті.

Алматы мен Гвардейск гарнизонында танк және десанттық-шабуылдаушы бригадалардың даярлығын тексерді. «Іле» полигонында әскери тактикалық атыс сабақтары өткізілді. Бұл іс-шара өткен жылдан бері жауынгерлік дайындық ретінде қолданылып келеді. Министр оқу алаңдарының инфрақұрылымын тексеріп, артиллериялық және бронды танк қару-жарағын сақтау базасымен танысты. Нұрлан Ермекбаев қару-жарақ сақтауға, әскери техниканы күзетуге, өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздікті күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кезекші күштері, жеке құрамның қырағылығы да тексерілді. Сапар соңында Алматыда Құрлық әскерлері Әскери институтының басшылығымен кеңес өтіп, оқу орнында институттың даму кезеңдеріне арналған ескерткіш ашылды.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі әскерилердің отбасы мүшелеріне көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.