Карантиндегі кәсіп: қаршадай қыз жұмыссыз қалған ата-анасына қол ұшын беріп жүр

Карантин кезінде бизнестің тұралағаны рас.

Әсіресе, қызмет көрсету саласы шығынға батты. Кәсіпкерлер палатасының дерегінше, орта бизнесте еңбек етіп жүрген 131 мың адамның 12 мыңы қысқартуға ұшыраған. 46 мың жұмысшы ақысыз демалысқа кетті. Кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауымен енді ғана ес жия бастады. Есесіне, оқшаулану кезінде жаңадан кәсіп бастағандар бар.

Қаршадай қыз карантин кезінде қарап отыра алмапты. Жұмыссыз қалған ата-анасына қол ұшын беруді ойлаған. Онлайн курс оқып, шоколадтан гүл жасауды үйренеді. Одан бөлек, торттың түр-түрін дайындайды. Ал дайын өнімді әкесі тапсырысберушінің үйіне тегін жеткізіп береді. Мейрам күндері саудасы қызады. Бұл кәсіптен байып кетпесе де, қыстай отын-судың ақшасын айырыпты. Енді телефон мен ноутбукке қаржы жинап жүр.

Наргиз Байшина, оқушы:

- Үйде көмірге ақша болмай қалды. Менде ақша бар, мүмкін көмірді мен алып беремін дедім. Сөйтіп көмектестім.

Бұл отбасы еңбек түбі-береке екенін түсінеді. Үйде қарап отырған адам жоқ. Наргиз тәтті пісірсе, анасы Құндыз қолөнермен айналысады. Қыз жасауы, көрпе-жастық, бәрін тігеді. Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық киімге тапсырыс көп.

Ал отағасы жеке техникасымен аулаларды қардан тазалайды. Құндыздың айтуынша, қиын кездерде де ешкімге қол жайып көрмепті. Тырбынып еңбек ете берген.

Құндыз Сәрсекеева, қолөнер шебері:

- Карантин басталып кеткен кезде маска тіккенбіз. Әр заттың уақыты болады ғой. Шамамен 5 мыңдай маска тіктік. Былай тегін таратуға тіктім. Мекемелерге тіктім. Алдында қазақша көйлек, кәжекейге тапсырыс көп болатын.

Шебер келіншек көпке үлгі. Көрші-көлемнің бар тапсырысын орындап, көмегін беріп отырады. Үйренемін дегендерге онлайн сабағы тағы бар.

Әлия Ідірісова, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Бұл кісіге жастық тыстар тіктіреміз. Көрпешелер деген сияқты. Одан кейін міне, мынадай өздеріңіз көріп тұрғандай бешпеттер тіктіреміз. Мен өзім тігінші емеспін, бірақ дер кезінде келіп, шалбардың балағын қысқарту керек болады. Сол кезде мұқтаж болып осы кісіге келеміз.

Кәсібінен нәсіп көріп отырған отбасы баспананы да өз күштерімен салып алған. Ірі бизнес емес, шағын ғана кәсіптің табысынан қайырымдылық та жасайды. Тұрмысы төмен отбасының көрпе-төсегін тігіп берген. Ал Наргиз видеоөңдеу бағдарламасын оқып, жаңа бір табыс көзін таппақшы.

Ақсәуле Байменшина Наурыз Базаров