Қарағанды облысында оңалту орталығы ашылды

Балқаш қаласының тұрғындарына енді ем алу үшін облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Операция жасатқан кез келген науқас жаңадан ашылған оңалту орталығында тегін денсаулығын түзей алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба құны 70 миллион теңге. Медицина мекемесі ең соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Білікті мамандардың жылына 1500 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда көбінесе жүйке жүйесі мен жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар сауығады.

Айгүл Қиымбекова, оңалту орталығының аға медбикесі:

– Травматологиялық жарақат алғандар да операциядан соң осында емделетін болады. Ол үшін түрлі жаттығу құрылғылары бар. Инфаркт, инсульт алғандардың оңалып шығуына да барымызды саламыз. Мұнда 40 адамға арналған күндізгі стационар жұмыс істейді.