Ақтөбеде еріген қар суы жаяу жүргіншілердің жүрісін қиындатты

Ақтөбеде еріген қар суы көше мен жаяу жүргіншілер жолын басып, тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тасқынға қарсы штабқа күн сайын көмек сұрап жүздеген жан хабарласады. Қаланың батпаққа батуына кім жауапты? Аулаларды еріген қар суынан дер кезінде тазартпаған пәтер иелері кооперативі ме? Әлде тұрғындар ма? Әкімдік не дейді? 

Қала ортасында тұратын Серікбай Қозбаевтың көктем келсе қолынан күрегі мен шелегі түспейді. Ол еріген қар суы ауласына кірмес үшін әр жерден жыра жасап, қақпасының алдына құм үйеді. 70-тен асқан қарияның бұдан басқа амалы жоқ. Себебі су соратын техникалар бұл көшені айналып өтетін көрінеді.

Серікбай Қозбаев, қала тұрғыны:

– Көлік жүргенде су аулаға кіреді. Ақша төлеп, балаларға сорғызып аламын. Енді 1-2 күннен кейін тағы да алу керек. Бұл масқара.

Қазір осы Мәскеу ауданындағы кейбір көшелерді су басып, көлік түгілі, жаяу жүргіншілердің де жүрісі қиындаған. Тұрғындардың айтуынша, бұған көктемге дейін қардың шығарылмай жатуы себеп болған. Енді олар құзырлы органдар жедел әрекет етіп, сумен бірге қыстай жиналған қоқыстарды да тазартады деген үмітте.

Гүлнәр Шамшаева, қала тұрғыны:

– Су мына жерге дейін барады. Адамдар жүре алмайды. Сосын жол жаман, тесіктері көп. Еешкісін екі водовоз келіп, су сорып алады. Күндіз келмейді.

Бүгінде облыс орталығында су басу қаупі басым аумақта орналасқан төрт шағын аудан бар. Бұдан бөлек, шеткері жатқан «Нұр-Ақтөбе» қалашығы мен Қызылжар, Қурайлы, Заречный секілді бірнеше ауылдағы жағдай да алаңдаушылық туғызып отыр.

Ондағы тұрғындар су басқан жерлерді күн сайын әлеуметтік желілерге жүктеуде.

Қала әкімдігінің өкілдері қардың еруіне байланысты тұрғындардың да шағымы көбейгенін жасырмайды. Анықтай келе, бірқатар пәтер иелері кооперативінің аулаларды қыста қар, көктемде судан тазартпайтынын білген. Енді ісіне салғырт қараған басқарушы компанияларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бізге шағымдар өте көп түсуде. Біздің басқару органдары өзінің жұмысын тиянақты жасамағандықтан, қазіргі таңда көп қабатты үйлердің аулалары суға тлып жатыр. Осы жұмыстарды жүргізу КСК, кондоминиумдарға міндеттелген. Ал егер жасамайтын болса, біз инспекторлармен бірге әкімшілік жауапқа тартамыз.

Ал су тасқынына қарсы штаб өкілдері қаланы судан тазарту күні-түні жүріп жатқанын айтады. Бүгінге дейін 126 мың текше метр еріген қар суы сорылыпты.

Серік Дәулетов, қалалық су тасқынына қарсы штаб жетекшісі:

– Біз күнделікті қауіп бар көшелер мен елді мекендерден кем дегенде 10 мың куб су сорылады. Судың бағытын бұрып жіберу Ақшат, Қурайлы елді мекенінде болып жатыр.

Мамандар көктемгі су тасқынына қарсы жұмыс әлі де қарқын алатынын айтып отыр. Себебі тек осы аптада ауа температурасы 10 градусқа дейін жоғарыламақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев